Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады

487 Views

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Палата депутат­тарының Конституцияға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөніндегі референдумды талқылау үшін өңірлерге жасаған сапары туралы баяндалды. Қазіргі уақытта 150-ден астам іс-шара өткен, оның көбі негізінен шағын қалаларда, кенттер мен шалғай ауылдарда ұйымдастырылды.
Сенаторлар сапарының нәтижесінде аза­мат­тарды алаңдатқан мейлінше өзекті мәселелерге талдау жасалды. Атап айтқанда, тауарлар бағасы­ның өсуі, автомобиль жолдарының жағдайы, жұмыс­пен қамту мәселесі, ауызсумен және газбен қамтамасыз етілуі, медициналық көмектің қолже­тімділігі және басқа да проблемалар.
Президент Үкіметпен және жергілікті атқарушы орган­дармен бірлесіп, аталған мәселелерді шешу жұмыстарын жалғастыру қажет екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы мемлекеттердің заң шығарушы орган­да­рымен арадағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде мәлімет берді. Өткен аптада сенаторлар Ашхабадта өткен «Орталық Азия – Ресей» атты парламентаралық форумға қатысты.
Ықпалдастықтың жаңа форматы Арал теңізі өңіріндегі экологиялық ахуал, трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану, шекара маңындағы өңірлердің ынтымақтастығы, сондай-ақ Ауғанстан­дағы жағдайға байланысты аймақтық қауіпсіздік мәселесі сияқты өзекті проблемаларды шешу жөніндегі депутаттардың бірлескен жұмысын жандандыруға ықпал етеді.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: