501 Views
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім. Ел Президенті «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деп мәлімдеме жасағаны да есімізде.
Мемлекет басшысы көтерген бастаманың арқасында көптеген мерекелік шаралар мен бүлдіршіндерге арналған жобалар ұйымдастырылды. Осы орайда, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Мен – ертеңі елімнің!» атты дарынды балалар форумын да атағанымыз жөн. Форумға сан салада жетістікке жеткен балалар қатысты. Ауданымыздың абыройын асқақтатып, атағын шығарып жүрген пәндік олимпиада жеңімпаздары, ғылыми жоба жүлдегерлері, жас ақындар, көркем сөз оқу шеберлері, жас спортшылар, жас экологтар, жас суретшілер осы форумның басты қонақтары болды.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Еліміздің жастары ғылымның барлық саласында, мәдениет және спорт саласында, халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Бұл – еліміздің, егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің арқасы. Осы жастардың ішінен де мемлекетті басқаратын азаматтардың, қоғам қайраткерлерінің, халықаралық дәрежедегі спорт және мәдениет қайраткерлерінің шығатынына толық сенімдімін», – деп ізгі тілегін білдіріп, түрлі салада жетістікке жеткен жастарды марапаттады.
Форумға жастарға деген ақжарма тілегін айтып, аталық батасын беру үшін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы да қатысты. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сен заманда қапы да қалып жүрмелік», – деген сөз бар қазақта. Қазіргі заман – білімге сенетін заман. Қазіргі заман – сендердің замандарың. Өсіңдер, өніңдер, өрлеңдер, намысты қолдан бермеңдер!», – деп жастарға жылы лебізін білдірді.
Тәуелсіз елдің, өскен өңірдің дамуы үшін талмай ізденіп, жаңа жол, соны соқпақ салу үшін тер төгіп жүрген жастар өз өнерлерін де көрсетті. Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Жансүгіров секілді ақындардың өлеңдері мен поэмалары оқылып, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің «Домбырашылар ансамблі» Дәулеткерейдің «Түркімен» күйін нәшіне келтіріп орындады. Спорт жұлдыздары Таэквондодан көрініс көрсетіп, мың бұралған арулар «Домбыра үні» биін биледі. Форум «Қазақстан – егемен елім» атты хормен аяқталды.
Жәнібек Ұлықбекұлы.
Поделиться ссылкой: