Екпе алудың маңыздылығы қандай?

489 Views

– Екпе жайлы қазіргі таңда барлық ата-аналардың хабары бар. Алайда, баланы егуге алып келген кезде вакцинаға әр түрлі сенімсіздікпен қарайды. Бұл сенімсіздіктің де – өз себебі бар. Себебі, қазіргі таңда балаларда екпе арқылы қорғайтын жұқпалы аурулар мүлдем кездеспейді. Осыдан 30-40 жыл бұрын ата-аналарға қызылша (корь) және күл (дифтерия) қауіптілігі жайлы айтудың қажеті болмады. Ал көкжөтелдің (коклюш) ауыр жөтелі әрбір қала, ауыл ауласынан естілетін. Сол сәтте, сал ( полимиоелит) ауруының ауыр асқынуы болып табылатын мүгедектіктен қорқыныш әрбір ата-ананың көкейкесті мәселесі болды.
Бүгінде бүкіл әлемде екпе жұмыстары белсенді түрде ұйымдастырылады. Дамыған кейбір мемлекеттерде бала екпе алмаған болса, «ата-анасының қамқорсыздығы» деген түсінік те пайда болды.
Жалпы, балаларымыздың салауаттылығы – тек атқарылып жатқан алдын ала егулердің көмегімен ғана жүзеге асып отыр.
Республикамызда еліміздің Үкіметімен бекітілген алдын ала егулердің күнтізбесі және алдын ала егулер жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі бар. Елімізде екпе жұмыстары көбіне ауыр жағдайда өтетін, өлім көрсеткіштері жоғары, асқынулары ауыр және көбіне балаларда кездесетін жұқпалы ауруларға қарсы үздіксіз 70 жылдан аса бойы жүргізілуде. Осы орайда, егу туберкулездің ауыр түрлері, сал, қызылша, қызамық, күл, сіреспе, көкжөтел, «В» гепатиті, туа біткен қызамық синдромы, эпидемиялық паротит, гемофильді инфекция және басқа да жұқпалы аурулардан тұрғындарды және балаларды қорғаудың ең тиімді әдісі болып табылады. Екпе арқылы көптеген жұқпалы аурулардың санын азайтып қана қоймай, аталмыш ауруларды мүлдем жоюға болатынына (мысылы: шешек-натуральная оспа) көзіміз жетті.
Қорыта айтқанда, балалар – біздің басты байлығымыз! Біз ата-ана ретінде оларды ДЕНІ САУ ЕТІП ӨСІРІП, ҚОРҒАУЫМЫЗ КЕРЕК. СОНДЫҚТАН ӨЗ БАЛАҢЫЗДЫҢ ЕКПЕ АЛЫП, ЕЛІМІЗДІҢ ДЕНІ САУ АЗАМАТЫ БОЛУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІҢІЗДІ ҚОСЫҢЫЗ!

А.Бейсебаева,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық-қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: