Өнегелі отбасы – ұлт келешегі
Бүгінде отбасын құрып, от басып жүргендер көп-ақ. Жастық желікпен асығыс шешім қабылдаған жастардың көбі ажырасумен тынып жатады. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз бұл дерттің ауыртпалығын түсініп, отбасын құрудың үлкен жауапкершілігін түйсінген – Ботагөз Болатқызы. Бүгінде әулеттің тізгінін ұстап отырған Бауыржан Исаев пен жұбайы Ботагөз Болатқызы туған төрт балаларынан бөлек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған екі баланы бауырына басып, татулықтың жарқын үлгісін көрсетуде. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», – дегендей, шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған кейіпкерімізбен арнайы тілдескен едім. Бірден жылы қабақ танытты. Жүздесу барысында сұрақтарыма салмақты жауап қайырып, әңгіме тиегін ағытты. – Ботагөз ханым, отбасыңыз жайлы айтып кетсеңіз. Жұбайыңыз екеуіңізге алты баланы бірдей тәрбиелеп өсіру қиынға соқпады ма?
– Өзім Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тумасымын. Бүгінде аудандық білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбие ісі бойынша қызмет атқарамын. Жұбайым Бауыржан Қайыңды ауылынан. Өзі әскери қызметкер. Отбасы құрғанымызға 14 жыл толды. Қазір қолымызда алты баламыз бар. Негізі он еді, бірақ төртеуін ата-анасы табылған соң қайтаруға тура келді. Алты баланы бағып-қағу «ешқандай да қиынға соқпады» деп айта алмаймын. Белгілі бір дәрежеде қиындықтар болды. Бірақ, сол қиындықтарды сарқылмас төзімнің арқасында еңсере білдік. Сол сәттер еске түскенде, отбасымызбен күліп алатын жағдайымыз бар.
– Балалар бір-бірлерін бөтенсінеді ме?
– Жоқ, керісінше балаларымыз бір-біріне бауыр басып кеткен. Хакім Абай: «Балаға үш мінез алуан адамнан жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбыдан», – дейді ғой. Қай бала болса да, құрбысы мен ұстазынан гөрі отбасында көбірек болғандықтан, ата-анасының үйдегі өнегесі, мәдениеті мен ішкі жан дүниесі балаға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан құлақтарына үнемі бір-біріңе бауырмал, жанашыр болыңдар деген сөзді құйып отырамыз.
– Жалпы, жас отбасының бұндай бастамаға баруына не себеп болды?
– Қазақ ертеден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөзді терең бойына сіңіріп өскен халық қой. Бірақ, соңғы уақытта іштен шыққан баласын далаға тастап кететіндер саны көбейді. Десек те, дана халқымыз «Балалы үй — базар, баласыз үй қу мазар» деп, баланың көптеп дүниеге келуін тілеп, ұрпағының көбейіп, шаңырағының кеңейгенін жақсылыққа балаған. Сондықтан бізде қуанышымызды молайтып, үйдің берекесін кіргізетін балалар екенін ұғып, бірнеше бүлдіршінді өз мейірімімізге аламыз деп шештік.
– Естуіміз бойынша, «бақыттың кілті отбасындағы сыйластық пен мейірімділікте» деп түсінетін шаңырақ бұған дейін көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген екен. Сол жайына тоқталып өтсеңіз?
– Ең алғаш 2019 жылы Астана қаласында өткен “Әскер тарландары” байқауына бардық. Нәсібімізге орай, бас жүлде бұйырды. 2021 жылы да бағымызды сынамақ болып, республикалық “Мерейлі отбасы” байқауының аудандық, одан соң облыстық кезеңіне қатыстық. Одан да құр алақан қайтқан жоқпыз. Жүлделі I орын алдық. Ал, облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен “Парасатты отбасы” байқауында тағы да бас жүлдеге ие болдық.
— Бүгінде балаларыңызға “Отбасы институтын” бере алдым деп ойлайсыз ба?
– Ғылым тілімен айтылып жүрген «Отбасы институтын» қазақ ежелден «Тәрбие – тал бесіктен құралады» деп ұғынып, ұрпағына сіңіре білген. Қазақ дәстүрі отбасының әр мүшесіне өзіндік құрмет көрсетеді. Ақсақал, ана, келін, ұл, қыз, жезде, қайын т.б отбасы мүшелерінің орны бөлек болып есептеледі. Бұхар жыраудың «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегеніндей, балаларымның әрқайсысына отбасы мүшелерін құрметтеп, олармен қарым-қатынаста жақсы болу қажеттігін айтып отырамын. Бүгінде отбасының қамы, бала-шағаның бір үзім наны үшін таңнан кешке дейін жұмыста жүретін кейбір ата-аналар баланың тәрбиесін мектепке сілтеп, бейқам жүреді. Меніңше, бұл дұрыс емес. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен Әбу Насыр әл-Фараби. Әлемнің екінші ұстазы айтқандай, бала тәрбиені отбасынан алуы керек деп білемін. Себебі, ұлттық тәрбие тұнығынан сусындаған ұрпақ қана ұлт қамын жеп, ел-жұртының ертеңін ойлайды. Бақ-береке ұялап, ырыс-ынтымағы жарасым тапқан отбасынан өр рухты, асқақ арманды, биік мұратты ұрпақ түлеп ұшады.
– Бақыттарыңыз баянды, отбасыларыңыз берекелі болсын. Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Түйін: Бауыржан мен Ботагөздің жан-жағын үйіріп алатын бұл игі істеріне «Бәрекелді!» деп айтатын жандар көп бұл төңіректе. Еңбекпен есейген жандар келешекте ұрпақтары отбасы сыйластықтарын ажыратпайтынына да сенімді. Себебі, татулық пен елдік те, тіпті, ерлік пен теңдік те осы бірліктен шығатынын жақсы біледі олар. Өз қоғамында салиқалы да, дара азаматтардың жетілгенін қалаған адамдар жетімдеріне осылай бас-көз болулары керек. Себебі, олар да қоғамның тірегі, болашақта қолына тізгін алатын адамдар.
Дариға Құрманалы.