Аман, Есен, Жүрсін…

624 Views

Бұл – дәл осы суреттегі үшемнің есімі. Аман, Есен, Жүрсін 2020 жылы дүниеге келді. Осыдан 2 жыл бұрын біз бұл шаңырақта қонақ болғанбыз. Үшемнің атасы Дәулет көкем аузын ашса жүрегі көрінетін аңғал әрі кеңпейіл адам. Өзінің газет біткенге көзқарасы түзу. Дәулет көкемнің зайыбы Кенже жеңгей де қонақжай кісі екен. Аста-төк дартархан жайып, сол мезетте жан-дәрмені қалмай бізді күтті. Ал, үшемнің әкесі Дидар Құрманалиев бізбен түйдей құрдас жігіт екен. Өзі көп сөйлемейтін көрінеді. Бізге солай көрінді. Өйткені, қойған сұрағымызға қысқа да нұсқа жауап беріп отырды. Дидардың келіншегі Қымбат замандасымыз да салмақты әрі кішіпейіл азаматша болып шықты. Сосын мына жайтты міндетті түрде жазуымыз керек секілді. Жасыратын несі бар, қазіргі таңда «үлкеннің сөзін бөлетін бала» көп қой. Ең бастысы, Құрманалиевтер отбасында «үлкеннің сөзіне құлақ асу» деген қағидат сақталған екен. Өйткені, Дәулет көкем сөз сөйлегенде, әкесінің алдына шығып сөз сөйлеген баланы, не болмаса әйелді, келінді көрмедік. Әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы түсіністік теоремасын көріп, таң-тамаша болып қайтқанбыз сол жолы. Міне, отбасылық институттың нағыз көрінісі осындай болса керек.
Қазір Аман, Есен, Жүрсін екі жастан асты. Үстіміздегі жылдың 21 желтоқсанында 3 жасқа толады. «Дүниедегі ең байқампаз халық – балалар» деген сөз бар. Үшемнің мына суретінің өзі үйдегі жылылықты, аңғалдықты, көтеріңкі көңіл-күйді сездіріп тұрғандай әсер қалдырады.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: