Қазақстан мен қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын форматта өткен кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз делегациясына ілтипат білдіріп, Садыр Жапаровтың екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты.
– Тәуелсіздік кезеңінен бері қазақ-қырғыз ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы байланысымыз стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында нығая түсуде. Бұған қос халыққа ортақ құндылықтардың арқасында қол жеткіздік, – деді Мемлекетіміздің басшысы.
Қазақстан Президенті шағын форматта өткен келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын атап өтіп, Қырғызстан Президентінің елімізбен арадағы көпжақты серіктестікті тереңдетуге деген ниетін жоғары бағалады.
– Мен өз тарапымнан Қазақстанның қазақ-қырғыз қатынастарын достық, тату көршілік және шынайы одақтастық рухында жан-жақты нығайтудың стратегиялық бағытына берік екенін атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айта келе, жоғары деңгейдегі өзара сенімді және белсенді саяси диалогқа, екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайындағы ықпалдастықтың жаңа формаларына назар аударды.
Қазақстан Президенті өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, Президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.
Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Екі ел Президенттері келіссөздерден кейін осы монументтің салтанатты ашылу рәсіміне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді.
Қырғызстан Президенті өз кезегінде екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
– Мемлекеттеріміз арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ. Ең бастысы – осы. Қырғызстан мен Қазақстан күш біріктіре отырып, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуды, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өңіраралық және халықаралық құрылымдар аясындағы конструктивті ықпалдастықты қамтамасыз ететіні жөнінде айқын түсінік бар, – деді Қырғызстан Президенті.
Кездесу аясында Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларына «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің аумағында «Алатау» индустриялды сауда-логистикалық кешені құрылысының басталғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Аkorda.kz/kz