Кабинетке ұстаз есімі берілді

510 Views

Барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы қорытындылан­ған шақта оқушылар ұстаздарына құрмет көрсетуде. Расында бұл – мұғалімдердің еңбегі бағаланатын әдемі мереке. Осы ме­рекеде Луговой ауы­лындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде осы білім ошағына еңбегін сіңірген ұстаз Бейбіт Əбутəліповтың атымен жа­ңа кабинет ашылды.

Небары 42 жыл өмір сүрген Бейбіт Абақұлы ғұмырының 20 жылын ұстаз­дыққа арнаған. Ол өзінің туа біткен тамаша қасиеттерімен, білімге құштарлығымен, ізденімпаз, еңбек сүйгіштігімен 22 жасында өзі туып-өскен Қызылшаруа ауылындағы орта мектепте еңбек жолын бастаған. Осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған Бейбіт Əбутəліпов кейін Калинин орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де мінсіз атқарған.
Алғыр да іскер азамат 1985 жылы аудандағы ең ірі де іргелі білім ошақтарының бірі №33 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебіне директор болып тағайындалады. Дархан мінезді, жас та болса, көргені көп парасатты басшы бола білді. Сонысымен өз əріптестері мен ұжымының арасында, өзі тəрбиелеген шəкірттерінің алдында сыйлы болды. Осы мектепте 15 жыл үздіксіз еңбек етті. Ол жары Тұрсынкүл Тоққожақызымен бірге 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсірді. Бір қызығы – жары да, ұл-қыздары да ұстаз.
– Əкешім — ақжарқын, ақкөңіл, адал адам еді. Бойына біткен байсалды мінезімен барша жанның жүрегіне жылу сыйлап, қамқорлық көрсететін. Әке-анасынан алған тәлімін біздің де бойымызға сіңірді. Әлі күнге дейін үлкен қалада оқуда жүргенінде әкесі, яғни атамның баласына жазған хат­тары үйде сақтаулы. Сол хаттарында атам әкеме «Балам, халық «Білім – арзан, білу – қымбат» деген. Әрине, «Оқы! Білім ізде!» деген ақылшының сөзі ғана. Оны іске асыратын өзіңсің. Талай қызық әлі алда, қазір физика ғы­лымының құдіретіне үңіл, ізден! Спорттың өзің қалаған бір түрімен шұғылдан! Тамағыңды уақтылы ішіп жүр, денсаулығыңды күт! Сөйт қара­ғым. Келесі хатында «Білім – бұлақ. Ақыл – жағалай біткен құрақ» деген бабалардан қалған сөздің мағынасын түсіндіріп жазып жібер» деп жазыпты. Осыдан-ақ атамның әкемді бала күнінен қалай тәрбиелегенін түсіндім. Әкемнің ізін жалғап, бүгінде өзім жас ұрпақ­ты оқытып, тәрбиелеп, мұғалімдік жолда еңбек етіп жүргеніме қуана­мын. Әкемнің есімін кабинетке беріп, ұзақ жыл қызмет еткен білім орнын­дағы жасөспірімдерге өнегесін тара­туды көз­деген Тұрар Рысқұлов атын­дағы мектеп-лицейдің ұжымына алғы­сым­­ды айтамын, – дейді қызы Бэлла.
– Бейбіт ағамызбен бірге жұмыс істеген жандар «Ол кісінің өз əріп­тестеріне, жас шəкірттерге, ата-ана­лар­ға, жалпы адам баласына жасаған жақсылықтары мен қамқорлығы, дұрыс жолға жетелейтін ақыл-кеңестері, тəр­бие-тағылымдары өте көп. Бүгінде ол жақсылықтары əрбіріміздің көңіл сарайымызда сайрап жатыр» деп еске алады. Осындай ұлағатты ұстаздың бұл дүниеде өзі болмаса да өнегесін жас ұрпаққа тарату мақсатында есі­мі­мен аталатын арнайы кабинетті бала­ларымен бірлесіп ашып отырмыз. Сол кабинетке мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Мамбетиярованың арнаған өлеңі көрнекі түрде жазылды. Осыдан-ақ Бейбіт ағамыздың тек басшы емес, ақылшы аға болған адамгершілігін аңғардық. Өмірден өзі өткенімен артындағыларға үлгі етерлік ізін қал­дыратын жандар болады. Міне, Бейбіт ағамыз осындай азамат деп білемін, – дейді аталмыш мектептің директоры Ербол Кайпулдаев.
Ұстаздың есімі берілген кабинетте білім, тәлім алып шыққан әрбір оқушы бойына бекзаттық пен ілім жиған тұлға болып шығарына сенеміз.

Қамар Рахметуллина.

Поделиться ссылкой: