Келелі жиын өтті
22 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
ҚР өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырғандықтан және адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның қымбат қазынасы болып табылады.
Еліміздің Конституциясына сәйкес, азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ, басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген.
Латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерінен бастау алатын «зайырлылық» ұғымы саясаттың діннен азат етілуі деген мағынада діни сенімдері мен көзқарастары әртүрлі азаматтардың бір мемлекеттің ішінде өмір сүруін және дінді мемлекеттен бөлу идеясының жүзеге асырылуын білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі заманғы зайырлылық түсінігін адамның ар-ұжданы мен наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтитын гуманистік құндылықтар деуге болады. Демек, зайырлылықты әр адамның діни еркіндігі мен ой-санасының көптүрлілігін мойындау, ал зайырлы мемлекетті осы саладағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз ету деген сөз.
Зайырлылық ұғымына «барлық культтерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамадан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама бергенде француз философы Эмиль Литтре осыны меңзесе керек. Зайырлылық құндылықтар жүйесі ретінде адамның ойлау мәнері мен жүріс-тұрыстарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени құбылыстарды қамтиды. Осы ретте, мемлекеттің зайырлы сипаты діннен бөлектігімен қатар атеистік дүниетанымды мойындамайтындығын қамтиды.
Жалпы, діннің мемлекеттен бөлектігі қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:
– ар-ождан бостандығы – тек діни таңдау бостандығын ғана емес, сонымен қатар, діни емес таңдауды да білдіреді. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның қалаған шешімімен келісуге, қабылдауға және оны қорғауға міндеттенеді;
– мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды;
– мемлекет іс жүзінде барлық діндер мен азаматтардың құқықтық теңдігін жүзеге асыруға ұмтылады;
– мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатында діни-теологиялық қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды;
– мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде мемлекеттің үстемдігі мойындалады, ал діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни кеңістікпен шектеледі.
Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.
Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде реттеп отыратындықтан, ол дін субъектілерінен заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін заң шеңберінде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық ұғымы өзара ынтымақтастық пен түсіністікке, ал зайырлы мемлекет ұғымы заңдылық пен құқыққа негізделгенде ғана мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры қаланады.
Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни, зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет. Демек, зайырлы мемлекет діни сенім бостандығын құқықтық қамтамасыз етілетіндігімен құнды.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ, дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi. Өз кезегінде дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары ел заңнамаларында белгiленген өз құзыреттерiне сәйкес жүзеге асырады.
Тұжырымдап айтқанда, зайырлылықты адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын зайырлы қағидаттарды қамтамасыз ету – басты міндет болып табылады.
Н.Шәмшіхан,
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу
орталығы» Т.Рысқұлов ауданы бойынша инспекторы.