ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ
ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ
| А |
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
«Алла Тағала алдындағы ең қайырлы күндер ол – Құрбан айт күні мен зулхижжа айының 11-ші күні», – деген (имам Әбу Дәуід).
Құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», – деп жауап берген. Содан соң: «Одан бізге қандай сауап бар?» – деп сұрақ қойылады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – дейді (имам Ахмад).
| Ш |
Шариғатымызда құрбандық деп – арнайы шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздауды айтамыз. Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге Құрбан шалу – уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаз оқы және құрбан шал!» – деп, әмір етіп, құрбан шалудың міндет екендігін білдірген.
Қасиетті Құрбан айтта Алла Тағаланың бұйрығын дұрыс орындап, құрбандығымыз қабыл болуы үшін құрбандыққа қатысты мына мәселелерді білуіміз қажет:
Бірінші: Құрбандық уәжіп болуы үшін қажетті шарттар.
Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет:
– мұсылман болу;
– құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
– негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені құрбандық мал құлшылық мақсатында сойылады.
Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
Екінші: Құрбандық шалу арқылы пенде Жаратушысына жақындайды.
«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Бұл мереке құрбандық шалып, Алла Тағаланың бұйрығын орындау арқылы Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Сол себепті бұл бұйрықты шынайы ықыласпен орындауды көздеуі керек.
Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында менің намазым, құрбандығым, тіршілігім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның ешқандай серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен мұсылмандардың алғашқысымын! – деп айт», – деп бұйырған («Анғам» сүресі, 162-аят).
Жаратушы Жаппар Иемізге шалынған құрбандықтың етінің де, қанының да еш қажеті жоқ. Бірақ бұл шариғи амалды орындау арқылы пенденің Жаратушысына деген махаббаты, оның бұйрықтарына бағынуы көрініс табады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 37-аятында мүминдерге: «Аллаға құрбанның еттері, қандары әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді», – деп ескерткен.
Осылайша шынайы ықылас, кемел тақуалықпен шалынған құрбандық пендені Жаратушысының разылығына, мол сауапқа кенелтеді.
Үшінші: Құрбан шалудың уақыты.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді.
Төртінші: Құрбандыққа жарамды малдар.
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу – абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шалады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ, жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.
| М |
Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады:
– бір көзі соқыр;
– сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем;
– құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;
– тістерінің көбі түсіп қалған;
– емшектерінің басы жұлынып қалған;
– бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
Бесінші: Құрбандықтың шалыну көрінісі.
Құрбандық шалғанда ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады.
Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға мән беруі керек. Ол үшін өткір пышақ қолдану керек. Малдың көзінше пышақты қайрау – мәкрүһ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла барлық істі ең көркем түрде (ихсанмен) істеуге бұйырған. Егер өлтіретін болсаңдар, онда оны ең көркем түрде істеңдер, егер құрбан шалатын болсаңдар, оны ең көркем түрде орындаңдар, пышақты қайрап, малды азаптан құтқарыңдар», – деген (имам Хаким).
Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отыр.
Құрбандық шалушы малды құбылаға қарата жатқызып, дұға ретінде мына аятты оқығаны абзал: «Менің намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім бүкіл Әлемнің Раббысы – Алла үшін! Оның ешқандай серігі жоқ» («Әнғам» сүресі, 162-аят).
Осыдан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә иләһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар!» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздайтын адам да «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар!» – деуі керек. Әдейі (ұмытпастан) «Бисмилләһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам.
Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздайтын болса, екеуі де «Бисмилләһ» деп айтуы керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалуы қажет. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны – абзал. Оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуға шамасы жететін кісі басқа бір адамды телефон арқылы немес хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа біреуді өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан алып, шал» деп айтылған уақытта, өкіл сол адамның атына құрбан алып шалады.
| Ө |
Өмірден қайтқан кісі өзінің атына құрбан шалуды тапсырып кетпесе де, сауабын марқұмға бағыштау ниетімен құрбан айт күндерінде құрбан шалуға болады. Шалған құрбанының етінен жеуіне – рұқсат.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбан малының етін қалай таратқандығы жайында Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын», – деген.
Құрбандық шалушы оның етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуына да болады. Сондай-ақ, түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Бірақ өмірден озған адамның тапсырып кеткен өсиетін орындау ниетімен шалған құрбанының етінен жеуге болмайды. Етін толық садақа ретінде тарату керек.
| А |
Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында: «(Құрбандық етінен) өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – деп айтқан.
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Қасапшының ақысы бөлек төленуі қажет.
Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Сол себепті де жоғарыдағы айтылған құрбандық шалу үшін қажетті шарттар табылмаса, адамның нисап мөлшеріне жететін қаржысы болмаса, ол адамның құрбандық шалуы міндетті емес. Бірақ қажетті шарттардың барлығы орындала тұра, құрбандық шалмау дұрыс емес. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деген (ибн Мәжә).
Биыл Құрбан айт мерекесі 27-ші мамырға сәйкес келді. Құрбан айт намазы аудан бойынша 27-ші мамыр күні сағат 6:00-де оқылады.
Алла Тағала барша аудан тұрғындарының құрбандық күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай!
Қуаныш Түзелбеков,
Т.Рысқұлов ауданының бас имамы.
