Мағжанға арнау

1 198 Views

Сәрсенбі күні Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде «Мағжан оқулары» байқауының аудандық кезеңі өтті. Бұл байқаудың облыстық, сосын республикалық кезеңі де бар. Байқау 5 бағыт бойынша өтті. Соның 3- бағыты «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған». Бұл бағыттың алғашқы кезеңінде оқушылар Мағжан ақынға арнаған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңінде берілген тақырыпқа 5 минут ішінде өлең шығару керек болған. Сол жерде тақырып берілді. «Мен жетелеп өтемін, Өрге қарай қазақты». Оқушылар осыны жалғастырып, жазу керек. Жазды да. Газетіміздің бүгінгі санында «Мағжан оқулары» байқауының «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» атты бағытында жеңімпаз әрі жүлдегер атанған оқушылардың өлеңдерін жариялап отырмыз.

Жерде күнге ұмтылған тауға, шыңға,
Аты өшпес алты Алашта заңғар тұлға.
Бүгін мен жалынды бір жыр жазамын,
Қазағымның біртуары Мағжанына.

Ата сенің айбынды атың бөлек,
Өр тұлғаң мен өшпейтін даңқың бөлек.
Сөзіңізден бүгінгі жас әлі күнге,
Рух алады, өседі, бойын түзеп.

Алаш үшін абақты да қиналды,
Бар айыбы ұлтын сүю болғаны.
Сонда да ол дес бермеді ешкімге,
Алашым деп алдына жан салмады.
Мен жастарға сенемін деп жырлаған,
Мағжан ата біздер үшін ұлы адам.
Ұлттық рухтың тылсым сырын шертетін,
Дәл өзіңдей ақын сірә болмаған.

Ғибрат аларлықтай кейінгі біз,
Ақындық дауысынан қалдырған із.
Поэзия әлеміне жарық берген,
Ұлы Абай болғанда, Мағжан жұлдыз.

Диас Қарақұл,
Алғабас орта мектебінің 10 сынып оқушысы.

Мен жетелеп өтемін,
Өрге қарай қазақты.
Көзін ашамын елімнің,
Талай көрген азапты,
Талай көрген тозақты,
Оятамын Қазақты!
Ерсұлтан Жусипов,
Юрий Гагарин атындағы негізгі
мектептің оқушысы.

Мен жетелеп өтемін,
Өрге қарай қазақты.
Жан тәніммен қорғаймын,
Ұлы ұлтым қазақты.

Не болса да бермеймін,
Намысшыл болған қазақты.
Өліп кетсем кенеттен,
Жүгенсіз қалмас бұл қазақ.
Диас Қарақұл,
Алғабас орта мектебінің
10 сынып оқушысы.
Мен жетелеп өтемін,
Өрге қарай қазақты.
Өр жастарға сенемін,
Әперер күнді азатты.
Шығады әлі күніміз,
Туады ай оңынан.
Қайтпаңдар қайсар жастарым,
Азаттықтың жолынан.
Сейдулла Иманғали,
Ақтоған шағын орталықты орта
мектебінің оқушысы.
Мен жетелеп өтемін,
Өрге қарай қазақты.
Көрсін елім бажайлап,
Тәңір берген ғажапты.

Сан ғасырлар аңсады,
Қайран қазақ азаттық.
Жету үшін жолында,
Талай күнді сазарттық.

Сымбат Алтынбай,
Тұрар Рысқұлов атындағы
мектеп-лицейінің оқушысы.
Мен жетелеп өтемін,
Өрге қарай қазақты.
Қиындықтан өтемін,
Алға тартып, азапты.
Мен жетелеп өтемін,
Өрге қарай қазақты.
Еш тайсалмай кетемін,
Елім үшін жан-жақты.
Жанат Қарақат,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы.

 

 

Поделиться ссылкой: