Тектіден оза туған батыр Танабай

577 Views

Аумалы-төкпелі заманның беті бері қараған кезеңі болса керек. Алты арыс Шағайдан тараған Қожай елінен шыққан алапат күштің иесі, талай жекпе-жекте мерейі үстем болып, есімі ел ұранына айналған Танабай батыр, көп ойланып, толғанып жүреді екен. Әйтеуір, көкейдегі ойдың ұшқыны халық қамы. «Елдің тұрмысы жақсарды, халықтың саны да артып келеді. Елді имандылыққа шақыратын, жастардың сауатын ашатын, салт-дәстүрге баулитын, Ислам дінін уағыздайтын, молданың қажеттілігін шешу және де ыңғайлы жерге мешіт салса, нұр үстіне нұр болар еді» деген ой батырды үздіксіз толғандыратын.
Күндердің күнінде салт атты жолаушы батыр ауылының маңынан өтіп бара жатып, «Ел қадірлеген кісіге сәлем бермей өте шыққаным жөн болмас» деп, жолай ауылға соғады. Батыр қонақты күтіп алады. Жігіттері қонақтың аттарын суытып, жемдеп, малын сойып, ас-суын дайындайды.
Қонақ бел шешіп тынығып алғаннан соң, ел ағасымен оңаша отырып ақ-жарқын әңгіме дүкен құрады. Сол мезетте Танабай батыр өзін мазалап жүрген ойын айтып, сыр шертеді.
Қонақ өзінің Ташкентте болғанын, мешітке кіріп намаз оқып, мешіттің имамымен танысқанын, имамның жас жігіт және де Ботпай елінің тумасы екенін жеткізеді. «Батырекесі сол жігітке қолқа салып, елге қоныс аудартсаңыз, игілікті іс атқарып өз ойыңызды жүзеге асыратын едіңіз» деп, ойын тұжырымдайды. Бір шешімге келген батыр көп уақыт өткізбей, ел ағаларымен қоса жігіттерін ертіп, сол кездегі ақордаға аттанып кетеді. Аман-есен Ташкентке жетіп имаммен танысқан батыр, оның Ботпай, Ботпай ішінде Құдайғұл, есімі Құлмахамбет екенін біледі. Жас жігіт жастайынан білімге құштарлығының арқасында Бұхараға сапар шегіп, сол қаладағы білім ошақтарынан нәр алғанын, өзі оқыған мектептерде ұстаздық етіп, жастарға дәріс бергенін, сондай-ақ, ислам дінін жетік меңгергені үшін оған «ишан» деген атақ беріп, Ташкенттегі бір мешіттің имамы етіп тағайындалғаны жөнінде өзі туралы толық мәлімет береді.
Танабай батыр өзінің келгендегі мақсатын айтып:
– Өзге өңірде сұлтан болғанша, туған жеріңде ұлтан болғаның игі. Ендігі жерде елдегі бауырларыңа қызмет атқарып, елдің елеулісі бол. Мен осыншама қашықтан ат терлетіп бір қауым азаматтарды ертіп алдыңа келіп отырмын. Балам, сен елге орал, мешіт аш, ауылдағы балаларға дәріс бер. Болашақтың іргесін бірге қалайық. Елді имандылыққа ұйытайық,–деп қолқа сала келгендігі жөнінде айтады. Жасы үлкен ел ағасының сөзін жерге тастауға болмайтындығын айтып, Құлмахамбет келісімін береді. Дегенмен, дін басылармен кезігіп, олардың рұқсатын және батасын алу абзал екендігін айтып, жөнін түсіндіреді. Осындай үлкен тірлікті құп көрген дін басылары:
– Жігітім, енді сен жәй ғана ишан емес, Ботбай ишаны болдың, – деп батасын беріп, елге қайтуына рұқсат етеді. Өз ісін тиянақты атқарғанына көңілі толған Танабай батыр елге оралғаннан соң, көп кешіктірмей керуен дайындап, Құлмахамбет молданы елге көшіріп алып келеді. Бір айта кететін жайт, Ташкенттегі үлкен мешіт ұстаған «Ишан» деген атағы бар азаматтың бар жиған тергені екі арба кітап екен. Сонымен батыр бастап, ел қоштаған жұрт қазіргі Тасшолақ және Қазақ ауылының төменгі жағынан орын дайындап, мешіт және медрессе іргетасын қалайды.
Сол кезеңде Құлмахамбет молданың үйленбеген шағы екен. Молдаға арнайы келген батыр:
– Молдеке, менің саған екінші қолқам бар. Молданың жалғыз басты болғаны дұрыс емес, менің ұсынымды қолдасаң үйленуің қажет. «Теңін тапса, тегін бер» деген қазақ. Менің Сейсеп атты қызым бар. Екеуің қол ұстасып бірге өмір сүріңдер, – деген батыр молданы үйлендіріп, батасын берген екен.
Қазіргі уақытта мешіттің орны Тұрар Рұсқұлов ауданының сызбасында орын алған. Құлмахамбет молданың есімі «Сары молда» деген атпен халық арасында танымал болып кең тараған. Халқына деген қамқорлықтың жарқын көрінісі дәл осындай болса керек. Бүгінгі күнде Танабай батырдың ұрпақтары Жаңатұрмыс ауылында, «Сары молда» ұрпақтары Луговой ауылында қоныс тепкен.
Тоқтаналы Сәбден,
зейнеткер,
Луговой ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: