Нұржан Нұржігітов дарынды оқушыларды марапаттады
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүрген дарынды оқушылармен кездесті.
Кездесуге облыс мектептерінен барлығы 93 оқушы қатысты. Биыл олар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 187 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 43 медальді халықаралық жарыстардан еншілеген. Республикалық ғылыми жобалар байқауында Жамбыл облысының командасы 13-ші жыл қатарынан бірінші орынды иеленіп келеді.
Тәуелсіздік жылдарында жамбылдықтар Дүниежүзілік пәндік олимпиадалардан 55 медаль жеңіп алып, республика бойынша жалпы командалық үшінші орынды иеленді.
– Жастар – біздің болашағымыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді. Сіздер бәсекеге қабілетті, білімді болып қалыптасу керексіздер. Табысты адам болу үшін – терең білімді және еңбекқор болуларыңыз маңызды. Сіздер біздің халқымыздың зияткер ұрпағысыздар. «Жаңа Қазақстан» сіздермен бірге құрылады. Мен қазір еліміздің болашақтағы білікті, зиялы тұлғаларымен кездесіп отырғаныма сенімдімін.
Жастарымыз жан-жақты дамыған, спортты серік еткен, өз елінің патриоты болғанда ғана Отанымыз гүлдене түседі, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде оқушылар өңір басшысына өздерінің жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы айтып, талантты жастарды қолдауы және жасалып жатқан жағдайлар үшін алғыстарын білдірді. Кездесу барысында еркін әңгімелескен оқушылар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, әкімнің жұмысы және оның өкілеттіктері, жалпы мемлекеттік қызмет, аймақ басшысының сүйікті кітаптары бойынша сұрақтар қойып, жауаптар алды. Облыс әкімі Ленинград ауылшаруашылық институтында оқып жүрген кездегі қызықты естеліктерімен бөлісті.
Кездесуге келген барлық балалар облыс әкімінің Алғыс хаты және ақшалай сертификаттармен (100 мың теңгелік) марапатталды. Дарынды оқушылардың ұстаздарына да (15 мұғалім) облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттары табыс етілді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз
қызметі.