Дарынды оқушылар
Бірден айтайық, біз «Алтын белгіні» лайықтылар алса дейтін тараптанбыз. Мәселен, өзінің білімімен халықаралық, республикалық байқауларға қатысқан дарынды балалар «Алтын белгі» алса, бек жарасымды. Айта кетейік, біздің ауданымызда биыл 40 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Олардың қатарында талай байқауларда бақ сынап, аудан намысын қорғап жүрген жас өрендер де баршылық. Атап айтсақ, Абай шағын орталықты орта мектебінің түлегі – Әліби Жұмабек. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 200 өлеңі мен 35 қара сөзін, Шәкәрім Құдайбердіұлының 100 өлеңін жатқа білетін нағыз білімді жігіт «Алтын белгіге» лайықты ма? Лайықты. Жастайынан білім алып, ой түйіп жүрген ақыл иесі «Махаббат қызық мол жылдардағы» Жомартбек секілді. Ақкөңіл, жанашыр, әр сөзінен жылылық пен мейірімділіктің лебі еседі….
Ақын өлеңдерін бала күнінен оқып, жаттап өскен Әліби республикалық деңгейде өткен «Абай оқуларына» қатысып, аудан атын талай асқақтатты. Атап айтсақ, XX республикалық «Абай оқулары» байқауының «Абайдың қарасөздері» номинациясы бойынша II орын, XXII республикалық «Абай оқулары» байқауының «Абайдың ақын шәкірттері» номинациясы бойынша I орын иегері атанды.
Әліби ЖҰМАБЕК:
«Ақыл қайда болса, ұлылық сонда болады,
Білім қайда болса, біліктілік сонда болады», – дейді Жүсіп Баласағұн. Иә, білім-ғылымға арқа сүйейтін мына заманда жақсы ұстаз көптің сұранысы. Осы тұрғыда, жас буынды білім нәрімен сусындатып, оларға өмірден өз орындарын табуға көмектесуді өзіме мәртебе санаймын. Сол себептен де, ұстаздық жолды таңдап отырған жайым бар. Нақтырақ айтсам, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін өзіме серік етіп, осы пәннен дәріс берсем деймін. Бұл жолда мен өзімнің ұстазым Айнұр Аңдабекқызынан үлкен сабақ алдым. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, ұстазымнан үлгі алу арқылы жас буынды алға жетелейтініме сенімім мол. Бүгінгі күні қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсемін деген ниетім бар.
Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен. Осындай талантты жастың бірі – Айша Бақытжанқызы. Ол №1 мектеп-лицейінің бітіруші түлегі. Айша «Махаббат қызық мол жылдардағы» Қанипа секілді. Олай дейтінім – өте пысық қыз. Табиғатынан дарынды азаматша курстарға қатысып, арнайы білім алмаса да, сурет салу қабілетімен талайды таңдай қаққызған. Оның ой-қиялынан туған картиналары да әр түрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтқанда, портрет, пейзаж, сонымен бірге тірі жан иелерін бейнелейтін анималистік бағыт пен белгілі бір тарихи оқиғаларға арналған көркем туындыларды қағаз бетіне шебер суреттейді. Бүгінде бұл қабілетін шыңдап жүрген ол облыстық «Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу» бағыты бойынша I орын, облыстық «Бояулар құпиясы» байқауының III орын, аудандық «Бояулар құпиясы» атты жас суретшілер байқауында бас жүлде иеленген.
Айша БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ:
Көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асырау жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген екен. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік қана адамды абырой биігіне жетелері сөзсіз. Сондықтан мен IT саласын таңдап отырмын. Болашақта сурет пен аталмыш саланы ұштастырып, тың дүниелер жасап шықсам деген ойым бар.
Келесі кейіпкеріміз де білім мен өнерден кенде емес. Жан-жақты талабы мен талантын ұштастыра білген шәкірттің есімі – Назым Нарқұл. №5 шағын орталықты орта мектебінің түлегі. Назымды «Махаббат қызық мол жылдардағы» Майраға ұқсатамын. Зерек, өнер-білімге құштар, ізденімпаз қыз. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, осы аталмыш қасиеттерді оның бойынан талай байқағанмын. Ең бастысы, Майра секілді нағыз мұғалім болатын бойжеткен. Алдына нақты мақсат, айқын бағыт-бағдар қоя білген дара қыздың бүгінде жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, республикалық «Алтын тобылғы» олимпиадасының II орын, оқушылардың облыстық ғылыми жобалар жарысында «Тіл білімі» секциясы бойынша I орын, жалпы білім беретін пәндер бойынша аудандық ғылыми жобалар жарысында I орын, аудандық Шерхан оқуларында «Көркемсөз» номинациясы бойынша I орын иегері.
Назым НАРҚҰЛ:
Қараңғылық қағынан жарыққа шығу үшін әрбір адамға білім керек. Ал, білім мектеп қабырғасынан бастау алатыны белгілі. Болашақта елдің келешегі саналатын ұрпақтың білім үйреніп, тағылым алуына өз үлесімді қосқым келеді. Сондықтан, ұстаз болғым келеді. Болашақта бұл мамандықты жақсы игеріп, өз заңдылықтары мен қағидаларына сүйене отырып, жұмыс жасау менің қолымнан келетініне кәміл сенемін. Өйткені, балаға бар білерімді түсіндіру, олармен кез келген жағдайда еркін сөйлесе білу, жалпы шәкірт тәрбиелеу ісі – балалығымнан бойыма біткен асыл қасиет.
Мектеп түлектерін кезінде қалың оқырманның тұмарындай болған Әзілхан Нұршайықовтың шығармасындағы кейіпкерлерге теңеуім тегіннен-тегін емес. Себебі, бұл көркем туындының тереңін зерделеп, асылын саралап оқитын болсаңыз, кейіпкерлердің бойындағы асқақ арман мен таудай талаптың үлгісін көресіз. Бүгін біз сөз еткен оқуда озат атанған дарын иелері де аталмыш шығарма кейіпкерлеріндей үміт пен арманның жетегінде келе жатыр. Оларды да алда арман қала мен үлкен ізденіс күтіп тұр. Ендеше, жас түлек, сендерді де армандарың адастырмасын.