Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Бұдан соң, біз, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жұманқұлова Раушан Көшербекқызының жұмыс бөлмесіне бардық. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай газетке осы жылы айқарма бет әзірлейтінімізді айттық. Ойымызды бірден түсінді білем. Сәл кідіріс жасады да:
– Біздің ұжымда білікті жас дәрігерлер өте көп. Бізде өкпе жоқ, Маратжан. Жастарды жазсақ қайтеді? – деп ойын білдірді. Мен қуана келістім. Дереу ұялы телефонын қолына алып, әлдене деп сөйлеп жатты. Бірер минуттан соң бөлмеге орта бойлы, жүзіне мейірім төгілген ақ халатты абзал жан кіріп келді. «Бұл біздің ұжымдағы білікті дәрігерлердің бірі – Жомартова Салтанат Ардаққызы» деді Раушан Көшербекқызы. Мен де орнымнан түре кеп амандасып, мән-жайды түсіндірдім дәрігерге. Осылай кейіпкерімізбен сұхбатымыз басталды да кетті.
Салтанат Ардаққызы – аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері. Яғни, оның дәл қазіргі сәттегі қызметтік персонажы – осы. Білікті дәрігер Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Мамандығы – терапевт.
Бала күнінде дәрігер болуды армандаған, армандайтын да адамдар көп негізі. Дегенмен, есейе келе, сол бала күнінен армандаған мамандыққа түспей, басқа саланың оқуын оқып кеткен адамдардың көбісін білемін өз басым. Бірақ, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Салтанат Ардаққызы түпкі ойын өзгертпей, өзі қалаған мамандықты оқып бітірген азаматша.
– Өзім Жаңатұрмыс ауылында туып өскенмін. 2004 жылы ауылдағы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектебін бітіріп, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. 7 жыл бойы медицина саласының қыр-сырына қанығып, зерделеп оқыдық. Жоғары оқуды бітірген соң «Қайда барып жұмысқа орналасамын?» деген сұрақ кез келген жас маманның ойында болатын құбылыс деп ойлаймын. Ол өз басымда да болды. Ақыры бір шешімге келдім. Сөйтіп, 2011 жылы «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен ауданға келдім. Әуелі Абай ауылында қызмет еттім. Яғни, осы ауылдық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері болдым. Шүкір, барлығы жақсы. 2020 жылы аудандық орталық ауруханаға ауыстым. Бар мүмкіндікті жасап, қолдан келгенше жақсылығын аямаған орталық аурухананың басшылық құрамына алғыс айтқым келеді, – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Салтанат Жомартова. Мереке қарсаңында ол облыстық денсаулық сақтау басқармасы кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасына ұсынылыпты. Білікті дәрігер бұл марапатқа әбден лайықты деп ойлаймыз.
Марат Жолдасбекұлы.