Әділет – күміс жүлдегер
Балуандар арасында әлемде 4 қана рейтингтік турнир бар. Соның бірі біздің елде өтеді. Ол – «Bolat Turlykhanov Cup», яғни «Болат Тұрлыханов кубогі». Атап өткеніміздей, «Bolat Turlykhanov Cup» таңдаулы турнир болғандықтан, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен оған әлемнің үздік балуандары қатысады. Ілгеріректе бұл турнир Семей қаласында өткізілетін. Биыл алғаш рет Алматы қаласында өтті. Яғни маусым айының 2-сі мен 5-і күндері аралығында «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайына келген көпшілік дүниенің апайтөс балуандарының белдесуін тамашалады.
Сол апайтөс балуандардың қатарынан қос бірдей жерлесімізді көру қандай ғанибет десеңізші! Әрине, Әлішер Ерғалидан біз көп үміт күттік. Бірақ, нәтиже болмады. Алайда, бұл – күрес. Оның үстіне, Әлішер салмақ ауыстырды. 125 келіге енді бейімделіп келе жатқан сыңайлы жерлесіміз. Дегенмен, Әлішердің жеңісті сәттері көп болатынына біз сеніммен қараймыз. Өйткені, ол – мықты балуан.
Ал, биыл Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында еркін күрестен қола медаль еншілеген жерлесіміз Әділет Дауланбаев «Bolat Turlykhanov Cup» рейтингтік турнирінде өзінің шеберлігін көрсетті. 92 келі салмақ дәрежесінде белдескен жерлесіміз финалға дейін сүрінген жоқ. Балуан Әділеттің белдесуі жұрттың көңілінен шықты. Тек ақтық сында ғана ирандық балуанға есе жіберді Әділет.
Біз әрине, жеңіс күттік жерлесімізден. Қазақтың Әнұраны «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында шырқалғанын жұдырықтай жүрегімізбен қаладық. Қарсылас та оңай шағылатын балуан емес. Нәтижесі – күміс медаль болды. Мейлі, ол – күміс, қола медаль бола ма? Бізге бәрібір. Ең бастысы, Әділет біздің мақтанышымыз. Жеңісті сәттер көп болсын.
Марат Диханбай.