Егінге орақ түсті

426 Views

Т.Рысқұлов ауданының диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті.
Аймақта алғашқы болып егінге орақ салған «Ернар» және «Мақпал» шаруа қожалықтары. Бұл шаруа қожалықтар бітік өскен масақты дақылдардан жиналған биылғы дәнді шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісті. Алғашқы орақ салу шарасына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қатысып, астықтың мол болуына тілектестік білдірді.

«Егіншілік – ежелгі кәсіп, еңбекшіге – нәсіп» дегендей, биылғы жиын-терім науқаны мерзімінен кешікпей басталды. Ендігі міндет орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату болып тұр.
Ағымдағы жылы аудан бойынша 136 671 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себілген. Оның ішінде күздік бидай – 55200 гектар болса, 53073 га жаздық арпа.
Айта кететіні, Т.Рысқұлов ауданында жыл сайын ауылшаруашылық техникалары жаңаланып, диқандар науқанға сақадай сай дайындықпен кіріседі. Нәтижесінде, қамбаны астыққа толтырып, аудан мерейінің үстем болуына үлес қосып жатыр.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша егіннің шығымы жақсы. Басты мақсат – жауын-шашынға ұрындырмай, астықты уақытында орып алу. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Қуатты техника мен жанар-жағармай да жеткілікті.

Мөлдір Тастанбек,
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Поделиться ссылкой: