Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
16 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
2011 жыл. Қараша айының 12-ші жұлдызы. Өз басым дәл осы күнді ешқашан ұмытпаспын. Неге дейсіз ғой? Себебі, сол күні сабақтан үйге келе жатып, қала орталығы жақтан оқтың атылғанын және полиция көлігінің дабылын естіген болатынмын. Бейбіт күнде дәл осындай жағдайға тап болу – әрбір тараздық үшін қиын болғаны айтпаса да белгілі. Әп- сәтте қала қарбалас күйге көшті. Кейін ғой, қанды қарақшы қаланы басына көтергенін, бірнеше қатардағы жауынгер жараланып, тіпті кейбіреуі өз өмірімен қош айтысқанын естідік. Солардың бірі – батыр ұл Ғазиз Байтасов.
Неге екенін білмеймін?.. Полиция деген сөзді естісем, батыр Байтасовтың болмысы көз алдыма еріксіз келеді де тұрады. Келмей қайтсын енді. Ол мен үшін нағыз ер, шын патриот азамат. Бес қаруын асынған қылмыскердің ізіне түскен ол – сол сәтте Жамбыл облысы ІІД ЖПЖБ 1-взвод командирі, полиция капитаны қызметінде болатын. Қазыбек би көшесінде болған қарбаласта ол ауыр жараланып, өзі де қарсы оқ атып, қарақшыны да жаралайды. Ғазиз ауыр жарақатына қарамастан, қылмыскердегі гранатаны көріп, азаматтық тұлғаларға қауіп төндірмеу мақсатында қарақшы жаққа қарай ұмтыла түседі. Қылмыскерді жерге құлатқан сәтте оның қолындағы граната жарылады…
Дәл осылай Таразда орын алған терроризмге қарсы тойтарыс қайғылы жағдайда аяқталады. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қаза болғаннан кейін ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Жамбылдық полицейдің бұл ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Оның үстіне Байтасовтың әріптестері жыл сайын батырдың қайтыс болған және туған күндерінде жастарға өнеге болатын іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.
Жалпы, полиция қызметінің қиындығына дәл осындай сәттерде көз жеткізуге болады. Шыны керек, құқық қорғаушылар жұмыс күндерінің қалай басталып, нендей іспен аяқталатынын 1 пайызға болса да болжай алмайтын шығар.
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына – 30 жыл толып отыр. Бұл айтулы дата ел аумағында кең көлемде тойлануда. Аталмыш ілкімді істен біздің ауданның құқық қорғау қызметкерлері де қалыс қалмады.
Ең әуелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері талай жылдар бойы аталмыш салада еңбек еткен Еділхан Жақсыбеков бастаған бір топ ардагерлерді құттықтады. Шағын форматта ұйымдастырылған жиынды аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Шалхар Дәулетбеков ашып, қиын сәттерде ағалық ақылын айтып, қолдап жүретін аға буынға алғысын жеткізді. Ізінен бірқатар ардагерлермен қызметтес болғанын айтып, жас маман болған сәтінде көп нәрсе үйренгенін тілге тиек етті. Кейіннен бір топ ардагерлерді бөлім атынан құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады. Шағын жиындағы марапаттау рәсімі мұнымен аяқталған жоқ. Аудандық құқық қорғау саласы ардагерлерінің төрағасы Еділхан Жақсыбеков Құрманғазы Тілеуғабылов пен Батылжан Искаковтың кеудесіне Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті ардагері» төс белгісін тақты.
Түске қарай салтанатты іс-шара аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Құқық қорғау қызметкерлеріне арнап алғашқы құттықтауды аудан басшысы Ерболат Садырқұлов жеткізді.
– Ішкі істер органдары – мемлекеттік биліктің қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Халық сақшыларының кәсіби қызметі зор жауапкершілігімен, тәуекелге бел буумен ерекшеленеді. Еліміз дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап оның тыныштығының сақталуында Сіздердің еңбектеріңіз зор. 23 маусым – жыл сайын Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтілуде. Сіздерді Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын, – деп жыл бойы үздік деп танылған қызметкерлерді марапаттады. Сондай-ақ, мерекелік жиында сала қызметкерлерінің аналары да марапатталды. Бұл – бас бармақпен бағалайтын бастама.
Жиында аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов те сөз сөйлеп, бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та ізгі лебізін айтып, полиция қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жиын соңы «Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жәнібек СҰЛТАН.