МАЛ АЗЫҒЫН ӨРТТЕН ҚОРҒАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Былтыр қарапайым халықты құрғақшылық әбден қысқаны белгілі. Төскейде емін-еркін жүретін төрт-түлікке азық таппай тыпыршып қалғанымызды жасырып қайтеміз?! Ал биыл жағдай өзгеше. Жаңбырдың көп жауғанының әсері болуы керек, алқаптар еріксіз жасыл желекке оранды. Ендігі мақсат – мал азығынан шашау шығармай, қажеттісін дер кезінде жинап алу.
Жаз айларында қатты ыстықтан шөп қурап, өртену қаупі туатыны тағы бар. Ауданымыз құрғақ және желді климатты аумақ. Шөптесін өсімдіктердің көп болуы, дала өртінің тез өріс алуына мүмкіндік туғызады. Өкінішке орай далалы алқаптардың, шабындық жерлердің және жайылымдық жерлердің өртке орануына адамдар да себепші болып жатады. Соңғы кездері адамдардың далалық жерде демалып, ашық отты пайдаланудағы аңғалдықтарының кесірінен келеңсіз жайттар көптеп орын алуда.
Орман және дала өрттерінің болуының ең көп себептері қандай? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Біріншіден, ауыл шаруашылық қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан орын алады. Екіншіден, сөндірілмеген шылым не сіріңке де өрттің кең алқапты шарпып алуына әсер етеді. Сондай-ақ, статистикаға сенсек күннің көзі түсетін жерге тасталған шыны сынығынан түскен күн сәулесінің жануы да өз әсерін тигізбей қоймайды.
Ауқымды емес дала өртін сөндіру үшін қажетті іс-шаралар:
Желдің бағытын және өрттің таралу жылдамдығын анықтау, тұрғындарға ескерту, отты топырақпен көміп үстіне су құю, кішігірім отты таптау, өрт сөнгеннен кейін кетуге асықпай, қайта тұтанбайтынына көз жеткізу.
Жаз мезгілінде табиғат аясында демалуды ұнататын аудан тұрғындарынан да сұрайтынымыз, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтап, азық-түлік қалдықтарын арнайы санитарлық шұңқырларға көміп, қоршаған ортаны ластауға жол бермегеніміз жөн. Әр тұрғын мұндай ескертулерге шынайы қараса, халық байлығы – даланы, орманды тілсіз жаудан қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз. Егер өрт аумағында болсаңыз өзіңіздің күшіңізбен сөндіру мүмкін болмаса, оның таралу бағытын және шығу бағдарын анықтап, құтқару қызметіне «101», «112» нөмірі арқылы хабарлаңыз.
Сіздерден табиғатта осы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауларыңызды сұраймыз. Сонда ғана біз дала және орман алқаптарын өрттен сақтап қаламыз.
Аудандық
Төтенше жағдайлар бөлімі.