БАҚ қызметкерлері сайысқа түсті

622 Views

Алдымен аңдатпа. «28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай Тараз қаласында спарта­киада өтеді. Қатысуға ниет болса, біз қолдауға әзірміз» деп аудан әкімдігі дене­шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев редакцияға кел­ді. Қолында спартакиаданың шарты бар. Бас редактор Мұратбек Өмірзақов тілдей қағазбен танысып шықты да:
– Әріптестік байланысты нығай­ту­ға таптырмас мүмкіндік екен, ұжым қызметкерлері қарсы болмайды деген ойдамын. Несі бар, қатысайық, – деп үн қатты.
Кез келген спартакиаданың алдын­да тіркелу деген болады. Біз тізімді бердік. Спартакиада 6 спорт түрінен өтеді екен. Волейбол, арқан тартыс, жүз метрге жүгіруден эстафета, қол күрес, үстел теннисі, дойбы. Соңғы аталған үшеуі ерлер және әйелдер арасында өтті. Сонымен алтау. Шыны керек, бұған аса бір дайындалған да жоқпыз. Бір күн волейбол ойнады ұжым қызметкерлері. Бір күн дейміз-ау, 1-ақ сағат. Бітті. Газеттің қым-қуыт тіршілігі бітуші ме еді. Содан межелі уақыт та келіп жетті. Маусымның 27-сі күні «Газель» автокөлігімен Таразға жол тарттық.
Бардық. Спартакиаданы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат бас­қармасы мен денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйым­дастырған екен. Бір қуаныштысы, биылғы спартакиада Шерхан Мұртазаұлының 90 жылдығына ар­налды. Спартакиада шымылдығын Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев сөз сөйлеп, ашып берді. Сондай-ақ, «Әулиеата-Медиа» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің ди­ректоры Оралхан Дәуіт те ақжарма тілегін білдірді. Содан соң, Шерхан Мұртаза атындағы БАҚ қызметкер­ле­рі арасындағы спартакиада басталды да кетті.
Таразға барған «Құлантаңдық­тардың» тізімі төмендегідей. Мұратбек Өмірзақов, Бейсенбек Әлпейісов, Жәнібек Базылбек, Ақмарал Сариева, Лесбек Әбдүраимов, Назира Шажалиева, Нуриддин Қошалиев, Марат Диханбай, Тахмина Әшірбай және Жәнібек Әмре. Әуелі волейбол ойнадық. Волейболға түгелдей ұжым қызметкерлері қатысты. Нәтижеміз жаман емес. Өз тобымыздан қара үзіп үздік шықтық. Тек «Жамбыл Тараз» медиа жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің командасына есе жібер­дік. Сөйтіп, жүлделі II орын ие­лен­ді «Құлантаңдықтар».
Қалған спорттан да нәтижеміз на­шар болған жоқ. Мәселен, бас редактор Мұратбек Өмірзақов дойбыдан үздік төрттіктің қатарына енді. Жәнібек Базылбек те ерлер арасында қол кү­рестен төрттіктің қатарына қосылды. Бас бухгалтер Ақмарал Сариева да дойбыдан тамаша ойын өрнегін көр­сетті. 100 метрге жүгіруден эстафета жарысында да сәтті өнер көрсетті әріп­тестер. Арқан тартыс та ғой тегі, жүлдеге сынық сүйем қалдық. Ал, волейболды жаздық. Волейболдан жүлделі II орын алғанымыз ұжым қызметкерлерінің табандылығы мен ұйымшылдығының арқасы. Волей­болды тек алты адаммен ойнап шығу мүмкін емес. Волейболдан үздіктер­дің қатарына қосылуымызға түгелдей ұжым себепкер. Яғни, бас редактор Мұратбек Өмірзақов, Бейсенбек Әлпейісов, Жәнібек Базылбек, Ақмарал Сариева, Лесбек Әбдүраимов, Назира Шажалиева, Нуриддин Қошалиев, Марат Диханбай, Тахмина Әшірбай және Жәнібек Әмренің бұған зор сеп­ті­гі тиді. Тіпті, волейболдан үздік ойын көрсеткені үшін Бейсенбек Әлпейісов­ке спартакиада соңында «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымы бойын­ша медаль берілді. Осылайша, Тараз шаһардан ұнжырғамыз түсіп қайтқан жоқ. Керісінше, төбеміз бір елі көкке жетпей, марқайып қайттық.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: