БАСПАНА БОЛСА БАСЫҢДА…

535 Views

Жеке баспанаға қол жеткізіп, тұрғын үйдің тұрақты тұрғыны болу – қай заманда да, қай уақытта да қиыншылық туғызып келеді. Бұл сөзімізге дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды…», – деп алып шаһарға мұң шағуы, тағдырлы ақын Серік Томановтың «…Өйткені үйін жалға алдым. Талтаңдап келіп қағады арқамнан, қалтамды қағып алған күн», – деп пәтер иесіне кейістік танытуы дәлел.
Баспана алудың машақаты мен жеке пәтерге қол жеткізудің мимырт шаруасы адамды мең-зең қылмаса да, мезі ететіні ақиқат. Осы машақатты жеңілдетіп, мимырт шаруаны жедел шешу үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен қолжетімді несиелер іске қосылып жатыр. Дұрыс бағыт-бағдар мен ипотекалық бағдарламалардың көмегі арқылы жалақысы төмен азаматтар да баспаналы бола алады. Осы жобаларды түсіндіріп, халыққа тұрғын үй алу бойынша ақпарат беру үшін Жансая Қосшыбаева, Камила Исеналиева, Назира Дүкенбаева секілді «Отбасы банк» қызметкерлері ауданға келіп, баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламаларды таныстырды.
– Үйі жоқ адамның күйі де болмайтыны белгілі. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама 2022 жылдың 21 шілдесі күні басталады. Өтініш 2022 жылдың 21-31 шілде аралығында e-zhambyl.kz сайты арқылы қабылданады, бағдарламаға Жамбыл облысының жастары қатыса алады. Қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс. Қатысушының «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты және 1 жыл жұмыс өтілі болуы шарт. Бұл бағдарламаға денсаулық сақтау және білім беру, мәдениет және спорт, журналистика салаларындағы азаматтар мен азаматшалар қатыса алады. Барлық ақпаратты «Otbasy bank.kz» insta-парақшасынан біле аласыздар, – деді Жансая Қосшыбаева.
Аудан тұрғындары мен жастары қатысқан жиында «Отбасы банк» қызметкерлері барлық бағдарламаларды жеке түсіндіріп, көптеген жобалардың мақсаты мен міндетін тәптіштеді. Ақпараттың бүкпесіз баяндалып, мамандардың ақылды қашып айтпай, ашып айтқаны һәм ашық айтқаны жастарға ұнады. Бағдарламаға қызығушылық танытып, баспана алуды жоспарлаған жастар мамандардың арнайы кеңесін алып, үй алу кезінде алғашқы жарна ретінде төленетін қаржыны да сұрады.

Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: