Ел болашағы – әрқайсымыздың қолымызда
36 ViewsКеше ел азаматтары Атом электр станциясын салуға қатысты жалпыхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауларын жасауда. Жалпы бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Өзім…
«Білікті маман боламын» деген мақсатпен білім алып, бүгінде дипломға қол жеткізген жас мамандар жұма күні Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің алдыңғы алаңына жиналды. Себебі, дәл осы күні осы орталықта бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен болатын. Сонымен қатар, жәрмеңкеге жастардан бөлек жұмысқа орналасуға ниет білдірген ауданның өзге де тұрғындары мен жұмыс беруші мекемелердің өкілдері қатысты.
Мамандығының қыр-сырын мықтап меңгерген жастарға еңбек нарығында қашанда сұраныс көп. Алайда, оқуды жаңа аяқтаған студенттер жұмыс іздеу кезінде көптеген қиындықтарға тап болып, түрлі жағдайларға түсіп жатады. Олардың бірі – тәжірибесінің жоқтығынан жұмысқа қабылданбай жатса, енді бірі – мекемелерде бос жұмыс орындарының барынан хабарсыз. Дегенмен, бүгінде мемлекетіміздің ұстанған басты бағыты – халықты жаппай жұмыспен қамту. Бұл – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.
Шара барысында аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының басшысы Сапар Құлманов алғаш болып сөз сөйлеп, жәрмеңкені ашып берді. «Жұмыссыз жүрген азаматтардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуларына мүмкіндік туғызу үшін бүгін біз бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз. Шындығын айту керек, маңызды іс-шараға жастардың көптеп келіп қатысуы бізді қатты қуантты. Біз осы жігерлі жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелерін бірінші кезекте жұмыспен қамтуға тырысатын боламыз. Бүгінгі жиынға қатысып отырған жұмыс берушілер өздерінің сұраныстарында жұмыс орындарының түрін, санын, оған қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарын көрсетіп отыр. Егер соның бәріне сай келсеңіздер, мекеме өкілдерімен жеке тілдесе аласыздар. Әңгімелесу арқылы көкейіңіздегі бар сауалға дәл осы жерде жауап алуға болады» — деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Оқуды жаңа аяқтаған жастарға және ауданның жұмыссыз жүрген тұрғындарына арналған іс-шараға ауданның 14-тен астам мекемесі қатысты. Олар жәрмеңкеде 100-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Бір байқағанымыз, жәрмеңкеде құрылысшыларға деген сұраныс көп. Ол – заңдылық. Себебі, дәл қазір ауданның бірнеше мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, жәрмеңкеде «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына – 10, «Жастар практикасына» – 25, «Күміс жас» жобасына – 20, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына – 2, қысқа мерзімді оқу курстарына 15 орын жарияланды.
Нәтижесінде тұрақты жұмысқа – 27, жастар практикаcына – 2, ақылы қоғамдық жұмысқа – 4 азамат жұмысқа жолданды. Ал құрылыс жұмыстарына 3 азамат алынды.
Жәнібек СҰЛТАН.