ЛУГОВОЙ МЕН АҚБҰЛАҚТА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

387 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 3 наурызында «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжатта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсін­дір­сін», – деп айтылған. Осыған орай, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сәйкес сәрсенбі күні Луговой және Ақбұлақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өз жұмыс сапарын Луговой елді мекеніне қарасты ауылдық емхананың, М.Горький орта мектебінің және рельс дәнекерлеу кәсіпорнының жұмысымен танысудан бастады. Назардағы нысандардың жұмысымен танысып, ондағы қызметкерлермен жеке дара тілдесіп көрді. Пікір алмасу барысында өзекті мәселелер де сөз болды.
Ауылдағы өзекті мәселелер тұрғындармен кездесуде де айтылды. Ауылдық клубта өткен басқосуда ауыл тұрғындары белсенділік танытып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Атап айтар болсақ, округтегі инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер, егістік, жайылымдық жер, ауыз су, елді мекендерді абаттандыру, қоғамдық көлік, орталық көше бойында қоқысқа арналған жәшіктер орнату, мектеп аумағында оқушыларға арналған жаяу жүргіншілер жолын салу, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлу сияқты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, аудан басшысы кездесу со­ңы­нан ауыл тұрғындарын жеке сұрақ­тарымен де қа­былдады.
Аудан басшысы өз тарапынан қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, әр сауал жеке бақылауында болаты­нын жеткізді.
Түс ауа дәл осындай кездесу көршілес жатқан Ақбұлақ ауылдық округінде де жалғасын тапты. Р.Сәбденов, Қызылшаруа, Бәйтелі сынды үш бірдей елді мекеннің басын біріктірген округте де біршама өзекті мәселе­лер бар екені тұрғындар тілегінен анық аңғарыл­ды. Мәселен, ақбұлақтықтар аудан басшы­сына Қызылшаруа ауылындағы мектептің қазандығын көгілдір отынға ауыстыру, балаларға арнал­ған үйірмелер ашу, саябақты абаттандыру сынды мәселелерді көтерді.
Іссапар барысында аудан әкімі тұр­ғындарды жеке қабылдап, 2021 жылы пайдалануға берілген Бәйтелі ауылында­ғы орталықтандырылған ауыз су жүйесінің, Қызылшаруа ауылындағы орта мектеп пен сая­бақтың, ауылдық округтің әкімдік ғимаратымен және Ақбұлақ орта мектебінің жұмысымен танысты.

Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: