ТӘРТІПСІЗДІКТІ ТЫЮҒА ТҮРТКІ БОЛА АЛА МА?
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы бірқатар құрылыс және әлеуметтік нысандардың жұмысын зерделеді. Ең алдымен Құлан мектеп-гимназиясындағы және №2 шағын орталықты орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысына зер салып, жауапты сала басшыларына жасалынып жатқан жұмыстардың уақытылы әрі сапалы аяқталуын жіті қадағалауды тапсырды.
Келесі кезекте Ернар Серікәліұлы аудандық полиция бөлімінің жұмысымен танысты. Аудан әкімі полиция бөлімінің негізгі қызметін бақылаумен қатар, ондағы қызметтік автокөліктердің жай-күйін зерделеп, көлік қозғалысын бақылауға арналған бейнекамералардың жұмысымен жақын танысты.
Жалпы тұрғындар арасында аталмыш бейнекамераларға қатысты сұрақтар өте көп. Соның ішіндегі ең өзектісі – «Бейнебақылау камералары тәртіпсіздікті тыюға түрткі бола ала ма?» деген сауал. Сондай-ақ, қоғам арасында «Оған қанша қаражат жұмсалды?», «Қайсысы жылдамдықты өлшейді?» деген сұрақтар әлеуметтік желіде де, екеуара әңгімелесуде де жиі қозғалып жүр. Ендеше бүгін біз сіздерге толық ақпарат беру үшін аталмыш сауалдарға нақты жауаптар іздеп көрдік.
Жалпы ауданға 20 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Оның ішінде жылдамдықты өлшеу камерасы 4 дана болса, 16-сы бақылау үшін қойылған. Жылдамдықты өлшейтін камераның екеуі Құлан ауылына ілінген. Біріншісі – «Ақбота» мейрамханасының тұсына орнатылса, екіншісі — аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орналасқан мекеменің бұрылысына қойылған. Ал қалған екеуі Луговой ауылында орнатылған. Олар Құрымбаев («Әл-хақ» мешітіне жетпей орналасқан аркада) пен Есімов (Т.Рысқұлов мектеп бұрылысы) көшелеріне қойылды. Аталмыш жұмыстарды орындаумен «Duor» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан. Ол үшін бюджеттен 89 630 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалған.
Мамандардың айтуынша аты аталған баянды бастама аудан аумағында жол-көлік оқиғасын азайтуға, тәртіпсіздікті сап тыюға өз септігін тигізеді екен. Жұмыстармен толық танысқан аудан басшысы құқық қорғау қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Жұмыс сапары соңында Ернар Серікәліұлы орталық «Дендро» саябағын абаттандыру, оны күтіп-ұстау, көркейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды қарап шығып, бірқатар жауапты мамандарға тапсырмалар берді.
Жәнібек Сұлтан.