Облыс әкімі жастардың ой-ұсыныстарын тыңдады

318 Views

Жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы күн тәр­ті­біндегі негізгі мәселелердің қата­рында. Олардың еңбек нарығына араласып, қоғамда өз орнын табуға үкімет те барынша жәрдемдесуде. Соған қарамастан NEET жастардың қатары әлі де азаяр емес. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің жастар­мен кездесуінде осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланып, белсенді, талапты жастардың ұсыныс-пікірлері сараланды.
«Жеңіс» саябағында ашық аспан астында өткен кездесуге аймақтағы жастар ресурстық орталықтарының директорлары, жастар ұйымдары­ның көшбасшылары мен волонтер­лер келді. Басқосуда алдымен өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы сөз сөйлеп, жастар саясатын дамыту­дағы мәселелер жайында кеңінен баяндады.
– Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан жастардың білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы аса маңызды. Бұл – мем­лекет саясатының басым бағыт­тарының бірі. Жыл басында өңірдегі жастарға талдау жасалып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Содан байқағанымыз, 10 пайыз NEET жастар білім алуға және жұмыс істеуге құлықсыз. Биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1,4 миллиард қаржы қаралды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Енді бізге жаңа бастамаларды іске асыру керек. Жастардың жақсы, ұтымды идеяларын іске асыруға дайынбыз. Біз NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға барынша көңіл бөлгеніміз абзал.«Серпін – 2050» жобасы арқылы 1 067 студент оқуға түсті. Сол секілді биыл жеңілдікпен баспана үшін несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылып, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Енді бағдарлама аясында биыл 50 жасты үймен қамту көзделуде. Бастама жақ­сы, әрине. Бірақ осы бағдарлама туралы елдің теріс көзқарасын қалып­тастырмауымыз керек. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жыл сайын жүзден астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үйлі болуда. Осы күнге дейін 250-ден астам жанұя берекелі бастаманың шарапатын көріп, қоныс тойын тойлады. Биыл да сол үрдіс бойынша 117 отбасыға асарлатып үй салып беру жоспарланды. Бұл игі жобаларға да мейлінше жастарды тарту керек. Өңірдегі еріктілердің, «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмыстарына куәміз. Бірақ олардың жұмысы көзге көрінбейді. Сондықтан еңбек жасағына тартылған жастарға қаладан 2-3 саябақ бөліп, соның тазалығын қадағалауды тапсыру керек деп ойлаймыз. Жастар осындай баянды бастамаларға жауапкершілікпен қараса, іс алға басады,– деді Нұржан Нұржігітов.Аймақ басшысы өз сөзін­де «Диплом­мен ауылға» бағдарламасына, дін мәселесіне қатысты бірқатар мәселелерге назар аудартты.
Өз кезегінде жастар сая­са­ты мәселе­лері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа облыс әкі­мі жүктеген нақты міндет­­тер бойынша жоспарлар іске асырылып жат­қан жұмыстарға тоқ­­талды. Мәселен, бүгінде басқарма тарапынан 25 мыңға жуық NEET жастың жеке деректері анық­талып, электронды база­сы әзірленген. Енді сол базаға қала бойынша анықталмай отырған 3 мыңға жуық жас қосылса, жоспар 100 пайыз орындалмақ. Сонымен қатар, басқарма басшылығы тізімдегі 10 мыңға жуық жастың білім алып, еңбек етуге ниетті екенін анықтаған. Енді басқарма басшылығы сол жастарды оқуға түсіріп, грант алып, жұмыс істеуге ниетті жастарды еңбекке тартуға көңіл бөлуде. Бұл ретте жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім бас­қармалары бірлесіп жұмыс іс­теуде.
– «Әулиеата жастары» бағдарла­масының тиімділігін арт­тырып, келер жылға ауқымын кеңей­тіп жалғастыруды көздеп отырмыз. Бүгін­де бес салада еңбек ететін 600-ге жуық жастан өтініш түсті. Алдағы айда комиссия отырысын өткізіп, нақты мұқтаж отбасылардың тізімін дайын­дап, 50 жасты үймен қамту жоспарда бар. Осылайша қазан айынан тұрғын үй кілттерін табыстауды бастаймыз. Жастар­ды саяси-қоғамдық өмірге белсене тарту бойынша да жұмыстар іске асуда. Жастар ресурс­тық орталықтарының функционалдық міндеттерін өзгертуге көңіл бөлінуде.
Мемлекет басшысының «Тәуелсіз­дік» жобасы аясында 7 бағыт бойынша 15 жобаға грант бөлуді қарастырып жатырмыз. Біз Тәуелсіздік күні­не қарай осы гранттарды үлестірсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл грант­тар жастарға қажетті инфрақұрылым­дарды дамытуға бағытталады,– деді бас­қарма басшысы.
Кездесуде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек оқушылардың спортқа деген қызығушылығы төмендеп бара жат­қаны­н және қалада марафон жарысын тағы бір мәрте өткізу туралы ой қосты. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталық­тарына көбірек қаржы бөлу туралы, ондағы кадрлық резерв жайын­да бірнеше ұсыныс тастады.
Бұдан соң «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы Жамбыл облыстық штабы­ның төрағасы Нұрлан Жиенбай ең­бек маусымын бір жылға дейін созу және қоғамдық көліктерге жеңілдік қарас­тырылса деген тілегін жеткізді.
«AMANAT» партиясы облыстық фили­­алының «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали жастар ресурстық орталықтарын жекешелендіру жастар саясатын іс жүзінде ширата түсетінін ай­тып ой тастады. «Ассамблея жас­тары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Артур Лигос­таев, облыстық пікір­сайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғам­дық бірлестігінің мүшесі Шұғыла Қыдырәлі және өзге де жастар өз пікір­лерін білдірді.
Нұржан Нұржігітов жас­тар­дың сауал­дары­на жан-жақты жауаптар бе­ріп, барлық ұсыныстар назар­ға алына­тынын жеткізді.

Поделиться ссылкой: