ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

387 Views

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өңірдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер туралы кеңес өтті. Басқосуға облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев, аталған министрлікке қарасты құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков қатысты.

Жиында алдымен Бақытжан Жүнісбеков облыстағы құрылыс саласына қатысты баяндама жасап, бірқатар маңызды жайттарға тоқталды.
Оның айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы бойынша 94 жобаны іске асыруға 31,7 млрд. теңге бөлінген. Соның есебінен 314,4 мың шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй (1 078 пәтер) салу, оның ішінде құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтау бойынша 26 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, тұрғын үй қорын жаңғырту аясында ағымдағы жылы 50 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге 3,2 млрд.теңге бағытталған.
– Жамбыл облысы бойынша 689 (алты жүз сексен тоғыз) мың шаршы метр, оның ішінде 430 (төрт жүз отыз) мың шаршы метр жеке құрылыс салу жоспарлануда, – деген Б.Жүнісбеков газбен, таза ауыз сумен, жылумен жабдықтау, жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстарын да тілге тиек етіп, өзекті мәселелерді де атап көрсетті.

Келесі кезекте облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Ол ағымдағы жылы құры­лыс бас­қармасы арқылы сметалық құны 187,0 млрд. теңгені құрайтын 207 жобаға бюджеттен 88,5 млрд. теңге бөлініп, іске асырылып жатқанын жеткізді. Оның 153-і осы жылы тапсырылуы тиіс, 54-і келесі жылға өтпелі.
Аталған жобалардың 112 нысаны «Нұрлы жер», 43-і «Ауыл – ел бесігі», 30-ы «Өңірлерді дамыту», 3 нысан құрылысы Үкімет резервінен және 19-ы білім беру субвенциялары есебінен қаржыландырылған. Жыл басынан бері 30 нысанның құрылысы аяқталған.
Басқарма басшысы ҚР Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлі­гі­нен жалға бері­ле­тін тұр­ғын үйлерді салуды республикалық бюджет­тен қар­жылан­дыру­ды жал­ғас­тыру, тұрғын үй саясатының жаңа бағдар­ламасында Жамбыл облысында тұр­ғын үй құрылысына арналған 1 шар­шы метр үшін лимит құнын 250 — 260 мың теңгеге көтеру және тағы да басқа мәселелер бойынша ұсыныстарға қолдау көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Нұрлы жер» бағдарламасы бойын­ша кредит­тік тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 160 мың теңге төмен лимит­теріне байланысты құрылыс ком­паниялары тұрғын үй құры­лысын салу­ға құлшыныс таныт­пай, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыспай отырғандығын алға тартты.
Өз кезегінде сөз алған мердігер компания басшылары да соңғы кез­дері құрылыс материалдарының баға­сы айтар­лық­тай өскенін, облыс­тың сейсми­­ка­­лық қауіп­ті аймақ­та орналас­қандығын, ол да қосымша талаптарды қажет ететінін баса айтты.
ҚР Индустрия және инфра­құрылым­дық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев барлық ұсыныстар назарға алынып, сараланатынын атап өтті. Сондай-ақ, вице-министр тұрғын үй құрылысына арналған 1 шаршы метр үшін лимит құнын 250 — 260 мың теңгеге көтеру ісі талдауды қажет ететінін жеткізді. Себебі, пәтерлерді өткеру кезінде тұрғындардың алу мүмкіндігін де ескеру керектігіне көңіл бөлді. Дегенмен, «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалымен талдау жүргізе отырып, халықтың мүмкіншілігіне сәйкес лимит құнын 180-200 мың теңгеге бекіту мәселесі назарға алынатынын тілге тиек етті.
Басқосу барысында облыс әкім­дігі­ энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шы­лы­ғы бас­қармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков те сала­да­ғы жұмыс­тарды баяндады.
Нұржан Нұржігітов облыста ар­найы жұмыс тобы құрылып, екі ап­та ішінде өңірдегі құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сын­да­ғы маңызды жайт­тар­ға қатыс­ты министрлікке тиісті ұсыныстар әзірленетінін атап өтті.
Өз кезегінде Еркебұлан Дауылбаев апта сайын министрлікпен «ZOOM»-онлайн форматта салаға қатысты жиын өтетінін хабарлап, оған мердігер компания өкілдерін белсенді қатысуға, ұсыныс-пікірлерін білдіріп отыруға шақырды.

Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: