Мұхтар Шахановтың рухты жырлары дәріптелді

562 Views

Қазақ поэзиясында дара қол­таңбасымен айшықталған ақынның бірегейі кім десек, сөзсіз Мұхтар Шаханов­тың есімін атар едік. Адуынды ақын биыл – 80 жасқа толды. Осыған орай жақында «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы мен аудандық кітапхананың «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Халқы сүйген қаламгер» атты аудандық байқау өткізілді.
Байқауға аудандық және ауылдық кітапхана қызметкерлерінен барлығы 10 үміткер қатысты. Үміткерлер «Өлеңім – өмірімнің айнасы», «Ұлт рухының шырақшысы», «Мұхтар шығар­машылығының рухани арналары» кезеңдері бойынша бақтарын сынап, өз өнер­лерін көрсетті.
Айта кетейік, байқаудың мақ­саты – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын Мұхтар Шахановтың өмірі, шығармашылығы мен жырларының құдіретін сезіну, тіл шұрайын таныту, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге баулу. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігін, тілі мен ділін, дәстүрін нығайту бағытындағы жастардың белсенділігін арттыру, жастар арасында қазақ поэзиясына деген қызығушылықты арттыра отырып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.
Әділқазылардың шешімі бойынша жүлделі І орынды Қарақат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Камшат Шабеева, жүлделі ІІ орынды аудандық кітапхананың кітапханашысы Айымжан Сәлімжан, жүлделі ІІІ орынды Құлан ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы Сандуғаш Егембердиева иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзге қатысушыларға арнайы алғыс хаттар табысталды.

Әлия Искакова,
аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой: