Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды

362 Views

21 тамыз, яғни өткен аптаның жексенбісі ауданда жүгіруден республикалық жарыс өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай өткізілген жарыс «Құлан жүгіру – 2022» деп аталды. Бұл жарысты ұйымдастырған №24-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, өзі де осындай ұзақ қашықтыққа жүгіру жарыстарында жүлделі болып жүрген азамат Еділбек Тайлақов екенін айта кетейік.
Аудандық газет бұған дейін де бұл жарыстың өткізілу уақытын жариялаған болатын. Қарақыстақ ауылдық округінің аумағында ұйымдастырылған республикалық жарыс 5 категория бойынша өтті. Яғни, 18-29, 30-39, 40-49, 50-59 және 60 жастан жоғары жастағы ер азаматтар қатысты. Ұзақтық – 12 шақырым. Бұл жарысқа Елордадан, Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарынан да қатысушылар келді. Мәселен, соның ішінде 3 рет Паралимпиада ойындарына қатысқан атақты марафоншы Зейнулла Сейітов та бар. Бұдан бөлек, осы жарысқа қатысқан Меңдібай Алимгазинов, Талапкер Байзақов, Тасболат Жансейітов, Нұргелді Аман және Серік Смайловтар да республикалық әрі халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі болып жүрген азаматтар.
Жарыстың ашылу рәсімінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бұл жарыстың мақсаты – жалпы ер арасында жүгіру спортын насихаттау, жастарды зиянды әдеттерден арылту, ең бастысы, дені сау ұлт қалыптастыру екенін айрықша атап өтті.
Тағы да айта кетейік, жарыс өте жоғары деңгейде ұйым­дастырылды. 12 шақырымдық жүгіру жарысына 32 адам қатысты. Нәтижесі төмендегідей:
18-29 жас аралығында жүлделі III орын қордайлық Жарас Медербекке бұйырса, жүлделі II орынды алматылық Нұргелді Аман жеңіп алды. Ал жүлделі I орын тараздық Д.Степаненконың еншісіне жазылды. 30-39 жас аралығында жүлделі III орынды құландық Ғ.Култаев иеленсе, жүлделі II орын тараздық А.Калюжныйдың еншісіне жазылды. Бұл категорияда шымкенттік С.Исмаилов топ жарды. 40-49 жас аралығында құландық К.Кулчиков жүлделі I орынды иеленді. 50-59 жас аралығында жүлделі III орынды тараздық С.Асилов иеленсе, жүлделі II орын қызылордалық Т.Жансейтовке бұйырды. Бұл категорияда жарыс жеңімпазы қостанайлық М.Амангазинов атанды. Яғни, жүлделі I орын соның еншісінде. Ал 60 жастан жоғары категорияда жүлделі III орын тараздық Е.Шкедовқа бұйырса, жүлделі II орынды елордалық Т.Байзақ иеленді. Бұл категорияда қарағандылық Зейнулла Сеитов топ жарды. Жүлделі I орын қарағандылық марафоншының еншісіне жазылды. Біз Еділбек Тайлақовтан жарыс туралы пікірін сұрап білген едік. Ол:
– Жарыс өте жақсы деңгейде өтті. Өзге өңірлерден де қатысушылар келіп отыр, көріп отырсыздар. Мұндай жарысты ұйымдастыру оңай емес негізінен. Бұл дегеніңіз – үлкен жауапкершілік. Осы жарысқа демеушілік көрсеткен қолдаушы жандар бар. Сол кісілерге де алғыс білдіргім келеді. Яғни, Бекетай Орманбеков, Шалқар Төкеев, Абылхайыр Таштанов, Нұрлан Қауымбаев және Аянкүл Ақшабаева секілді спорттың жанашырлары ақшалай қолдау көрсетті, – дейді №24-ші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы.
Айта кетейік, «Құлан жүгіру – 2022» жүгіру жарысында жеңімпаз атанған қатысушыларға кубок, мақтау грамотасы, медаль және 50 мың теңге ақшалай сыйлық берілсе, екінші орын иеленгендерге медаль, мақтау грамотасы және 40 мың теңге, ал үштікке енген қатысушыларға медаль, мақтау грамотасы және 30 мың теңге табыс етілді.

Марат Диханбай.

 

Поделиться ссылкой: