Жақсылық ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

358 Views

Жақында Көкдөнен ауылдық округіне қарасты Жақсылық ауылының тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенелді. Яғни, бұл ауылда жаңадан салынған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жақсылықтағы жұртшылықтың көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып, салтанатты шарада ізгі лебізін білдірді. Ернар Серікәліұлы өз сөзінде адам денсаулығына жіті көңіл бөлу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді жағдай жасай отырып, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі екенін сөз етті. «Осы ретте, тәулігіне 15 науқас қабылдайтын жаңа дәрігерлік амбулатория қызметкерлері мен атаған мәселеге жауапкершілікпен ден қояды деп сенемін. Заманауи үлгіде салынған жаңа нысан мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Көріп отырғандарыңыздай, нысанның ішкі және сыртқы безендірілуі келісті. Құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілген. Әр мердігер компания «қалтаны қампайтуды» емес, осылай жұрттың қамын ойлап жұмыс істесе, біз ілгері дамимыз. Құрылыс жұмысын жүргізген «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өз тарапымнан ризашылығымды білдіремін. Елімізде тек қана бейбітшілік болсын. Ел іргесі тыныш болса, мұндай қуаныштың көп болатыны анық», – деді аудан басшысы.
Содан соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов та сөз сөйлеп, ауыл халқына жүрекжарды лебізін жеткізді. Одан кейін сөз сөйлеген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та қазақы кестелі сөзбен ойын жеткізіп, жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді. Бұдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов Жақсылық ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Эльвира Кемелбекқызына жаңа нысанның символдық кілтін салтанатты түрде табыс етті. Салтанатты шара соңында ауыл ардагерлері Боқай Әсемқұлов пен Әнуарбек Тұрманбетов дәрігерлік амбулаторияның лентасын қиды. Ақ пейілді ауыл халқы қазақы дәстүрмен шашу шашты. Ауыл тұрғындарының шын пейілімен қуанғаны олардың әрбір сөйлеген сөздері мен шуақты жүздерінен көрініп тұрды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: