Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады

426 Views

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне 

кандидат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың сәйкестігін белгілеу  туралы қаулы қабылдады

2022 жылғы 10 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Отырыста Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевқа қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ҚР ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «ҚР сайлау туралы» КЗ талаптарына сәйкес келеді. Ұсынылған мәліметтерге сай: Ішкі істер министрлігі Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 65 жыл бойы тұрады; Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 10 жыл 8 ай; Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсынған «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» РҚБ» Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 10 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді). Осыған байланысты Ортсайлауком қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын. 2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін. Қол жинауды кандидаттың сенім білдірілген адамдары жүзеге асырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары ортсайлаукомның 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Нұсқаулық негізінде жүзеге асыратын болады. Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.

Поделиться ссылкой: