Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбден Қарақат Жақсылыққызының сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады
2022 жылғы 11 қазанда Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Отырыста Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбден Қарақат Жақсылыққызының сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбден Қарақат Жақсылыққызына қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ҚР ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұраулар салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Әбден Қарақат Жақсылыққызына қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды. Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Әбден Қарақат Жақсылыққызы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «ҚР сайлау туралы» КЗ талаптарына сәйкес келеді. Ұсынылған
мәліметтерге сай: Ішкі істер министрлігі Әбден Қарақат Жақсылыққызы тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 48 жыл бойы тұрады; Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс өтілі – 9 жыл 1 ай; Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсынған «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар. Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 10 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді). Осыған байланысты Ортсайлауком қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әбден Қарақат Жақсылыққызы Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын. 2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін. Қол жинауды кандидаттың сенім білдірілген адамдары жүзеге асырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары ортсайлаукомның 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Нұсқаулық негізінде жүзеге асыратын болады. Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.