Келелі жиын өтті
23 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
«Аманат» партиясы, THE Greet Steppe Tour қоғамдық қоры мен Ұлттық ат спорт түрлері қауымдастығы, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп, елімізде «Ұлы дала жорығы»» атты марафон-бәйге ұйымдастырған болатын. 1200 шақырымды құраған марафон-бәйге қыркүйек айының 18-і мен 29-ы аралығында өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер де анықталды. Айта кетейік, «Ұлы дала жорығына» қатысушылар тәулігіне 100 шақырымды бағындырып, елордамыз Астанадан киелі Түркістанға табан тіреуі тиіс екендігі теледидардан көрсетіліп, газет біткеннің бетінде жазылды. Сондықтан ол жағына тоқталмай-ақ қоялық. Халыққа керегі – нәтиже. Әсілі, сол нәтижені жазайық ендеше.
Жұртшылық та хабардар деп ойлаймыз, «Ұлы дала жорығы» марафон- бәйгесінде Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы топ жарды. Оларға 24 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Жүлделі екінші орынды Алматы облысының «Жетісу» командасы еншіледі. Бұл команда 12 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Үздік үштікке Түркістан облысының «Теріскей» командасы еніп, оларға 9 миллион теңгенің сертификаты табысталды. «Ал жамбылдықтар ше?» деген сауалға келсек, жамбылдық шабандоздар төртінші орыннан көрінді. Әулиеаталық команда мүшелері де бұл марафон-бәйгеден құр алақан қайтқан жоқ. Оларға 6 миллион теңгенің сертификаты берілді. Осы айтулы аламанға жамбылдық команданы бастап бару сенімі Жанат Бағылбековке артылған екен. Жастайынан ат спорты десе, ішкен асын жерге қоятын Жанат Тұрарұлы сол сенімді ақтауға барынша тырысқанын айтады. Жәкең негізінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығының директоры. «Қолды бір сілтеп, үйде тыныш отыра берсе де» болар еді оған. Алайда, Жәкеңнің аты мен затына қанық ат төбеліндей қызметі бар азаматтар оған хабарласып және ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, зор сенім артқан екен. Жаңа да жазып өттік оны. Әйтеуір, межелі уақыттың аздығына қарамастан, ол тез арада команда мүшелерінің басын бір арнаға тоғыстырып, «Қайдасың, Астана!» деп, жол тартып кеткен екен. Тағы да деталь ретінде жазайық. Жамбыл облысының атынан додаға қатысқан шабандоздар арасында жерлесіміз Бекдос Күмісбек те бар. Ол Рахым Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ шағын орталықты орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол да ат спортына бала кезінен құмар азаматтың бірі. «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне «Шолақ» және «Красавчик» атты тұлпарларын арнайы апарып қосыпты. Ал Көгершін ауылының тұрғыны Баймұрат Құралов бұл аламанға өзі қатыспаса да, өңірдің намысы сынға түскен шақта, астындағы «Дауыл» атын шабандоздарға сеніп тапсырыпты. Не деген мәрттік десеңізші, шіркін! Сол «Дауыл» Бетпақтың шөлінде де сыр бермей, желдей есіп жортқанда атбегілердің «Дауыл десе дауыл екен» деп, тамсанғанын аламанды көргендерден естідік. Қалай десек те, нәтижені көрдіңіздер, білдіңіздер. «Өзгелерден қалып қойдық» деп, көрсеткен нәтижемізді нашар деуге келмес. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған аламанда төртінші орынға табан тіреу де мақтанарлық жетістік біздіңше.
Апта басында аудан әкімі Ернар Есіркепов Жамбыл облысы командасын айтулы аламанға бастап барған Жанат Бағылбековті, «Ұлы дала жорығына» ат қосып, өзі бағын сынаған Бекдос Күмісбекті және шабандоз жігіттерге астындағы атын сайлап берген Баймұрат Құраловты арнайы қабылдап, сый-құрметін көрсетті. Өз сөзінде аудан басшысы ат баптау өнері қазақтың салт-санасында бағзыдан келе жатқан ұғым екенін тілге тиек етіп, алғаш рет республика көлемінде ұйымдастырылған марафон-бәйгеде ауданымыздың, тіпті, облысымыздың абыройын асқақтатып, команданың зор жетістікке жетуіне септігін тигізген азаматтарға айрықша алғыс білдірді. Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев те өзінің ақжарма тілегін айтты осы кездесуде. Осындай кездесуде адам ләм-мим демей кете ме? Оның үстіне құрмет көрсетіліп, алғыс хат табысталып, қазақы оюмен әдіптелген шапан жабылып жатса… Бәрі де сөз ұстаған азаматтар ғой. Үлкенді сыйлау деген тағы бар. Жанат Бағылбеков сөз сөйледі сол арада. Ол өз сөзінде осылай елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен аудан әкімінің азаматтық ұстанымына, еңбекті бағалайтын қасиетіне ерекше тәнті екенін айтып, алғысын жеткізді.
Марат Диханбай.