Қарттарға құрмет көрсетілді
Қарттарға құрмет көрсетілді
1 қазан – Қарттар күні. Дана халқымызда «Есік алдыңда төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, Ауылыңда
қария болса, жазып қойған хатпен тең» деген мақал бар. Осыны ескерген аудан әкімі Асқар Қырықбаев аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановпен бірге кеше Ұлы Отан соғысының ардагері Жақан Мырзахметовтың қарашаңырағына бас сұғып, қазыналы қарияны мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Жақан ақсақал, сұрапыл майдан шебіндегі ерлігіңізді біз ешқашан ұмытпаймыз. Сіздің өнегелі өміріңіз өскелең ұрпаққа өнеге. Ауырмаңыз. Жасай беріңіз. Немере шөберелердің қызығына тоймай, ортамызда осылай аман- есен жүріңіз, -деді Асқар Санатұлы. Өз кезегінде 94 жастағы Жақан ақсақал:
– Асқар балам, айналайын, көп жаса. Сенің жасап жатқан еңбегіңе шексіз ризамыз.
Мына қадамыңның өзі нағыз кішіпейілділіктің көрінісі емес пе? Еңбегің бағалансын. Қайда барсаң да мерейің үстем болсын, қарағым. Отбасыңа амандық, жұмысыңа табыс тілеймін,- деп аудан басшысына өзінің ақ батасын батасын берді.
1 қазан күні мәдениет үйінде «Құлан қазына» қарттар ансамблінің ұйытқы болуымен үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кешке жиналған қарттарды аудан әкімі А.Қырықбаев құттықтап, көптеген азаматтарға облыстық «Нұр Отан» партиясы мен облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Мерекелік кеште зейнеткер-ардагерлер сахна саңлағы Бибігүл Төлебаева, зейнеткер Түзел Алагөзова, Рысбек Секербеков, Гүлнәзия Пірімқұлова, Өмір Кәдірқұлов сияқты өнер адамдарының әндерін тамашалады. Артынан «Ақ босаға» мейрамханасында қарттарға түстік ас берілді.
Өз тілшілеріміз.