Ортсайлауком шығып қалған депутаттың орнына Астана қаласынан Парламент Сенаты депутатының сайлауын 2022 жылғы 22 желтоқсанға тағайындады, сондай-ақ сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті
Ортсайлауком шығып қалған депутаттың орнына Астана қаласынан Парламент Сенаты депутатының сайлауын 2022 жылғы 22 желтоқсанға тағайындады, сондай-ақ сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті
2022 жылғы 31 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда «Шығып қалғанның орнына Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлауды тағайындау туралы» мәселе қаралды. Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров 2022 жылғы 12 қазанда Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соқтыратын негіздің пайда болуы туралы қаулы қабылдағанын атап өтті. Парламент Сенатының 2022 жылғы 13 қазандағы қаулысымен Сенат депутаты А.Қ. Күрішбаевтың өкілеттігі тоқтатылды. Сондай-ақ ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 69 және 83-баптарына сәйкес Парламент Сенатының депутаттарын шығып қалғандардың орнына сайлауды олардың мерзімінен бұрын тоқтатылған сәтінен бастап екі айдан кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясы тағайындауға тиіс екенін атап өтті. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Ортсайлаукомның шешімімен шығып қалғанның орнына Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутатын сайлау 2022 жылғы 22 желтоқсанға тағайындалды. Отырыстың күн тәртібіндегі мәселесі бойынша Ортсайлауком Төрағасының орынбасары Константин Петров егжей-тегжейлі баяндама жасады. Ол Конституцияға сәйкес, отыз жасқа толған және соңғы он жылда ел аумағында және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар, кандидаттың жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы және белсенді сайлау құқығына ие болуы керек. Сондай-ақ, отырыста Астана қаласынан шығып қалған депутатының орнына 2022 жылғы 22 желтоқсанға тағайындалған сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітілді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлау науқанының келесі кезеңдері анықталды: ● Кандидаттарды ұсыну – а.ж. 1 қарашадан бастап 25 қараша сағат 18-ге дейін (сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады). Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатты ұсынуды мәслихаттар, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырады. Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихаттары атынан өкілдік ететін таңдаушылардың жалпы санының кемінде он проценті, бірақ бір мәслихаттан таңдаушылар дауысының жиырма бес процентінен аспайтын дауыс қолдауға тиіс. ● Тіркеу – а.ж. 30 қараша сағат 18.00-ге дейін (барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады). Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатты тіркеуді Астана қаласының Сайлау комиссиясы қалалық мәслихаттың депутаттыққа кандидат етіп ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда); депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші (немесе өзін — өзі ұсынған жағдайда азаматтың депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініші); тиісті сайлау комиссиясының кандидатты қолдап қойған таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы; кандидаттың өмірбаяндық деректері; мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын 900 000 теңге сомасында құжат болған жағдайда жүзеге асырылады. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат Парламент Сенатының депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының кемінде бес пайызын алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған барлық жағдайларда енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады. ● Сайлау алдындағы үгіт – 30 қараша сағат 18.00-ден кейін – 21 желтоқсан сағат 00.00-ге дейін (кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады). ● Тыныштық күні – а.ж. 21 желтоқсан ● Дауыс беру күні – а.ж. 22 желтоқсан Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутатының сайлауында дауыстарды санау нәтижелері дауыс беруге арналған пунктте өткізілетін Астана қаласы Сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді. Парламент Сенаты депутатын сайлау қорытындыларын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей – а.ж. 28 желтоқсаннан кешіктірмей белгілейді және сайлау қорытындылары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Баспасөз қызметі тел. 75-21-03, 75-23-69 v.zheksembekova@election.gov.kz