498 Views
Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс-тіршілігінің көзі, Ата Заңымен қорғалатын еркіндігінің үні.
Туған тіл – ақыл ой дамуының негізгі және барша білімдердің қазынасы.
Иә, бүгін біз ана тіліміздің құдіреті мен өміршеңдігіне біршама көз жеткізгендей болдық. Ана тілін ұлы мұхитқа баласақ, біз соның жағасына келіп екі алақанымызды қосып тұрып, қос уыстап іліп алып ішкендей ғана болдық деп ойлаймын. Оның тереңіне бойлап, түбіндегі інжу-маржанын ерінбей, жалықпай тере біліп өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз.
Туған тіліңді қорғау – туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір, азат етеріңе сенесің. Ал тілің жауланса – бітті. Басқа тілге көшіп, туған тілін ұмытқан және өз ата байлығына қайта оралуға мойны жар бермейтін жалқаулар мен ұлттық рухын жоғалтып үлгерген, өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер қарсыласады. Олардың үлкен бөлігінің ана тілін мойындамай, өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының арқасында ұлт жойылуға бет алады. Әлгі бейшара ұлт үшін бұған теңдес қасірет болмақ емес. Тілдің көмегімен өнер — білімді, ғылымды игереміз, өткен — кеткенімізді саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз. Өзіміз танып қана қоймай, сол асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз, сондықтан адам баласының байлығының бірі – сөз өнері. «Өнер алды – қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар? Әрбір елдің күші, байлық – бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өресімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тікелей тәуелді. Халықтың сақталуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін туған тілі, яғни ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, туған тіліміз – қазақ тілі.
Т.Рысқұлов аудандық
«Тілдерді оқыту» бөлімшесі.
Поделиться ссылкой: