Берекелі алтын күз

342 Views

Күз. Бұл – өте тамаша мезгіл. Күз мезгілі адамның көңіл-күйі секілді құбылмалы. Бірде жаңбыр жауса, енді бірде күн шайдай ашылып тұрады. Жапырақтар сарғайып, айналаға алтын кілем төсегендей алтын түске боялады. Барлығы да әсерлі, өте керемет.
Жуырда «Бота» бөбекжай-бақша­сында жылдағы жоспар бойынша бала­бақша бүлдіршіндері арасында «Бере­келі алтын күз» тақырыбында ертеңгілік өтті.
«Қарлығаш» даярлық тобының он саусағынан бал тамған ата-аналары бұл ертеңгілікке барын салып дайындалыпты. Ертеңгілік соңы байқауға ұласып, байқау кезеңдеріне сәйкес, ерекше көзге түскен «Күз ханшайымы» және «Күз ханзадасы» таңдалып алынып, марапатқа ие болды. Күз тақырыбына байланысты әндер мен билер, тақпақтар мен әртүрлі қызықты ойындар ертеңгілікті одан әрі қызықтыра түсті. Ата-аналардың талғамына сай табиғи қалдықтар мен табиғи өнімдерден тігіліп, дайындалған сәнді киімдері, экибанасы мен күзгі суреттері ертеңгіліктің сәнін келтірсе, дәрумендерге толы көкөністер мен жеміс-жидектерден жасалған салаттардың да дәмі тіл үйіреді. Ешкім де қалыс қалмай, барлық белсене қатысқан ата-аналар мен бүлдіршіндер бөбекжай-бақша тарапынан марапатталды.
Биылғы мектепке дейінгі ұйымдарға қойылып отырған талап пен енгелі тұрған жаңалықтарға балабақша мен ата-аналар бірге кірісіп, етене жүріп атсалысса, бір-біріне қолдау көрсетсе, жұмыстың алға басары анық. Ал, жұмыстың алға басқаны – баланың денсаулығы, тәрбиесі, дамуы, қызығушылығы, сұранысы мен білімінің алға басуы.
Әрине, осы орайда, тәрбиеші мен ата-ананың алар орны маңызды. Түсіністікпен қарап, белсенділік танытқан барша ата-аналарға алғыс білдіреміз! Әр күніміз мерекелі, ісіміз берекелі болғай!

Айжан Досжанова,
«Бота» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: