«Бәріміз жоғары жалақы алғымыз келеді» – Мейрам Қажыкен

330 Views

Ақтөбеде ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен «СтройДеталь» ЖШС қызметкерлерімен кездесті деп хабарлады turkystan.kz.

Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында, әлеуметтік әріптестік институтын дамытудың, тәуелсіз кәсіподақтар мәртебесін көтерудің, экономика мен еңбекақы төлеу жүйесін реформалаудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 90%-ы  – кәсіподақта. Осыған байланысты кандидат еңбекшілердің мүдделерін қорғайтын ұйымдардың мәртебесін көтеруге және жалақыны есептеуге баса назар аударды.

«Біз бәріміз жоғары табыс алғымыз келеді. Бұл біз үшін кіріс болса, жұмыс беруші үшін шығын. Сондықтан жалақы қандай болуы керек, оны қалай көбейтуге болатынын талқылау керек. Бұл мәселені салалық деңгейде шешу қажет. Ол үшін қызметкерлер өз құқықтарын қорғау мақсатында кәсіпкерлер және  жұмыс берушілермен бірлесіп еңбекақы төлеу жүйесін әзірлейтін салалық кәсіподақтарға сеніп тапсыруы тиіс», – деп атап өтті М.Қажыкен.

Кандидат «кәсіподақтар арасынан ұсынылдым, демек,  барлық жұмысшылар көтерген мәселелерді шешуге байланысты жауапкершілік арқалаймын» деді.

Кәсіпорын қызметкерлері М.Қажыкеннен партияға қатыстылығы туралы сұрады.

«Мен көптен бері ешқандай партияда болмадым. Жас кезімде комсомолға, содан кейін компартияға қосылдым, бірақ онда қысқа мерзім болды. Ал қазір ешқандай партияның мүддесін қорғамаймын», – деді ол.

Әлеуметтік тақырыптар туралы айта отырып, үміткер сапалы және қолжетімді білім беруді, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды және әлеуметтік жағдайы жоқ отбасыларға тұрғын үй беруді жақтады.

Кәсіпорын қызметкерлерінен Қазақстанның сыртқы саясаты туралы мәселе көтерілді.

«Қазір айнала тыныш емес. Мұны мойындау керек. Қазақстан экономикалық жағынан да, саяси және әскери жағынан да мықты ел болуы тиіс», – деп жауап берді М.Қажыкен.

Поделиться ссылкой: