Бала жанының бағбаны
Бала жанының бағбаны
Жаңа оқу жылының басталар шағында Ә.Бөкейханов атындағы орта мектепке жұмыс барысымен бардым. Мектеп ішінен өзім іздеген мұғалімді таппаған соң жиналып тұрған ата-аналардан сұрастырып едім: -Бәріміз де балаларымызды сол мұғалімге оқыту үшін күтіп тұрмыз, -деп әңгімелерін жалғай түсті. Бірі баласын, бірі немересін әкелгенін айтса, енді бірі мұғалімнің бала оқытудағы тәжірибесі туралы айтып тұрды. Шәкірт жүрегіне жол тауып, ата-аналардың осындай сый-құрметіне бөленіп, бүгінгі мақаламның кейіпкері әрі арқауы болып отырған аяулы ұстаз —Майра Мұсабекова.
Майра әпкей -ұстаз болмысына лайықты, “менмін” деп асқақтамайтын, бақытын адал еңбек пен шәкірттерінен іздейтін, ертеңінен мол үміт күтетін, білімді де білікті, өнегелі жан. Ол – сөздерінен от шашқан орақ тілді дүлдүл ақындар мен алаш арыстары шыққан Семей өңірінің қызы. Үкілеген ақ арманмен ауылдан келіп, 1986 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы Семей педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға қабылданып, 1991 жылы аталған білім ордасын бітіріп шығады. Осы екі аралықта 1989 жылы Сұлтан Керімқұлов ағамызбен бас қосып, Луговой ауылына келін боп түсті. Адал еңбекті терең түйсініп, бағамдай білген ол алғаш еңбек жолын 1991 жылдың қыркүйек айында Ә.Бөкейханов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Міне, содан бері 27 жыл өтіп, 10-ға жуық мектеп түлектерін қанаттандырып, ұшырды. Еңбек кітапшасына да бір ғана мөр басылды.
Білікті ұстаздың еңбегі әрдайым ерекше бағаланып, бірнеше аудандық және облыстық марапаттауларға ие болды. Ал омырауындағы “Үздік мұғалім” төсбелгісі қажырлы еңбегінің қайтарымы іспеттес.Әйтсе де ұстаздың мақсаты бұл марапаттармен мақтану емес, өзіне тән жаңашыл бастамаларымен – оқушы санасына білім нұрын құйып, шәкіртін шыңға шығарып, сонымен мақтану.
Шәкірт жүрегіне жол тапқан мұғалімді нағыз ұстаз десек, Майра Басевханқызы да талай шәкірттің талабын ұштап, өмірге жол сілтеп, ізгілікке үйреткен білікті ұстаз. Ендеше, ұстанымы мықты Майра әпкейдің бала жанының бағбаны болудағы еңбегінің жемісін көруіне тілектеспіз.
Мереке ӨТЕГЕНОВА.