«Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығын беру ЕРЕЖЕСІ

814 Views

1. «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығын беру ережесі (бұдан әрі — Ереже) «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпан­дағы Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа ала отырып әзірленді және «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығын беру тәрті­бін айқындайды.
2. «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығы облыс жастары­ның азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда белсенділік танытып, аза­мат­тық ұстанымы қалыптасқан, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында тағайындалады.
3. «Әулиеата үміті» облыс әкі­мі­нің жастар сыйлығы (бұдан әрі – сыйлық) жылына бір рет осы Ереженің 1-қосымшасында көрсетіл­ген номинациялар бойынша беріледі.
4. Әр номинацияға ақшалай сыйлық тағайындалады және бұрын же­ңімпаз атанған сыйлық иегерлері екінші мәрте қатыса алмайды.
5.Сыйлық алуға Жамбыл облы­сының 14 пен 29 жас аралығындағы жастары (29 жасты қоса алғанда), халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың, байқаулар­дың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, жүлдегерлері, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, мемлекет­тік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша жаңашыл бастамалар алып келген, жеке басының жетістіктері бар, өзі қызмет ететін салада немесе өтінім берген номинация түрі бойынша жетістікке жеткен облыс жастары үміткерлер болып танылады.
Бір кандидатураны бір номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды.
6. Сыйлық алуға кандидатуралар ұсынуды жергілікті және өзге де мем­лекеттік органдар, қоғамдық бірлес­тіктер мен Қазақстан Республика­сы­ның заңнамасында белгіленген тәртіп­пен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргізеді.
7. Сыйлық арнайы құрылған «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі — Комиссия) шешімі негізінде беріледі.
Комиссия облыстық органдардың, шығармашылық одақтардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдерінен және қоғам қайраткерлерінен, танымал тұлғалардан құралады.
Комиссия құрамы арнайы бұй­рық­пен бекітіледі.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және он бес адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия мүше­лері Комиссия қызметіне алмастыру құқығынсыз қатысады.
Комиссияны төраға, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.
8. Сыйлықты беру үш кезең бойынша ұйымдастырылады:
– бірінші кезең: үміткерлердің құжаттарын қабылдау (2022 жылдың 30 қарашасына дейін)
– екінші кезең: сыйлық жеңім­паздарын анықтау (1-7 желтоқсан 2022 жыл)
– үшінші кезең: сыйлық иегерлерін мара­паттау (13-14 желтоқсан 2022 жыл).
9. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру өті­нім­дерді қабылдау мерзімі бастал­ғанға дейін интернет-ресурстарда және БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде орналастырылады.
10. Сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау бұл туралы хабарландыру жасалған кезден басталады және сыйлықтар салтанатты жағдайда тапсырылғанға дейін он күн бұрын тоқтатылады.
11. Жергілікті және өзге де облыс­тық органдар, қоғамдық бірлестіктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар немесе жеке тұлғалар Комиссияға мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;
2) осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;
3) мекемеден ұсынымдық хат;
4) түйіндеме (қазақ немесе орыс тілдерінде жазылған, 3×4 фото­суретімен);
5) өмірбаяны;
6) жұмыс орнынан (оқу орнынан) анықтама;
7) «Мен осы сыйлыққа неге лайық­тымын?» тақырыбында жазылған эссе (кемінде 1,5-2 беттен);
8) 10×15 фотосуреті (1 дана, электронды нұсқасымен);
9) Соңғы екі жылда (2021-2022 жылы) алған марапаттау дип­лом­дарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);
10) Соңғы екі жылдағы (2021-2022 жылы) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);
11) Соңғы екі жылдағы (2021-2022 жылы) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).
Құжаттар бекітіліп, портфолио түрінде беттеліп ұсынылады. Тапсырылған құжаттар рәсімдеу талаптарына сәйкес келмеген немесе толық ұсынылмаған жағдайда қарастырылмайды. Ұсынылған құ­жаттар кері қайтарылмайды.
Ұйымдастыру алқасы кандидаттан келіп түскен құжаттарды қабылдап, одан әрі Комиссия мүшелерінің қарауына ұсынады.
12. Комиссия отырысы хаттамамен рәсімделеді, қатысып отырған Комис­сия мүшелері қол қойып, сыйлық беру туралы шешім қабылдайды.
13. Комиссияның сыйлық берілетін кандидатураны бекіту туралы шешімі Комиссия отырысында қарапайым көпшілік дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Қажетті дауыс саны болмаған жағ­дайда, сыйлық берілмейді. Егер оты­рысқа Комиссия мүшелерінің үштен екісінен астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
14. Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді және оған қатысып отыр­ған Комиссия мүшелері қол қояды.
15. Комиссия шешімінің негізінде сыйлық беру туралы Ұйымдастыру комитетіне ұсыныс беріледі.
15-1.Сыйлық беру туралы шешім Комиссия хаттамасы қабылданған кезден бастап күшіне енеді. Сыйлық беру туралы шешім жергілікті бұ­қа­ралық ақпарат құралдарында жария­ланады.
16. Сыйлық алған адамдарға «Әулиеата үміті» облыс әкімінің жас­тар сыйлығының иегері» атағы бері­леді, диплом, статуэтка және ақшалай сыйлық табыс етіледі.
17. Сыйлықтар салтанатты жағ­дайда қолма-қол беріледі, марапаттау рәсімі өтетін орын Ұйымдастыру коми­те­тімен анықталады.
18. Жеңімпаздың статуэткасы мен дипломының сипаттамасы ұйымдас­тыру алқасымен айқындалады.
19. Мекенжайы: Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Төле би көшесі 35, 2-қабат, байланыс телефоны: 8 (7262) 43-00-59, электронды мекенжай: ump_zhambul@mail.ru.

«Әулиеата үміті» облыс әкімінің жастар сыйлығы мынандай номинациялар бойынша беріледі:
1. Үздік жас ғалым
2. Үздік жас мұғалім
3. Үздік жас медицина маманы
4. Үздік жас спортшы
5. Үздік жас әнші немесе музыкант
6. Театр немесе кино саласының үздік жас актері
7. Үздік жас жазба ақын
8. Үздік жас айтыскер ақын
9. Үздік жас баспа журналист
10. Үздік жас тележурналистика маманы
11. Үздік жас мобилограф
12. Үздік жас мемлекеттік қызметші
13. Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері
14. Үздік жас волонтер
15. Үздік жас қоғам белсендісі

Поделиться ссылкой: