897 Views
Ақниет ауылдық округі әкімі лауазымына кандидат болып тіркелген
Жорабек Ануарбекұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы
Өмірбаяны
Жорабек Ануарбекұлы 1964 жылдың 20 маусымында Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылында дүниеге келген.
1982 жылы орта мектепті аяқтап, Алматы шет тілдер институтын бітірген.
1983 жылы әскер қатарында болған.
1987 жылы комсомолда қызмет етті.
1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Қорағаты орта мектебінде мұғалім болды.
Қазір осы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
1993 жылы аудандық мәслихаттың депутаты болды.
«Құландық Желтоқсан ардагерлері» қоғамдық ұйымының төрағасы.
Отбасы жағдайы: Үйленген, 5 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Мен, Жорабек Ануарбекұлы Ақниет ауылдық округінің әкімі болсам, ауылдық округке қарасты елді мекендерде Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын, Жарғысын насихаттауға, түсіндіруге бар күшімді әрі жинаған тәжірибемді, білімімді жұмсаймын. Қазақстан Республикасының Ата заңы және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің, облыс, аудан әкімдерінің қаулыларын, ҚР Нормативтік заңдарының сақталуын және орындалуын қамтамасыз етемін.
Ауылды көріктендіру және абаттандыру, бизнесті дамыту, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге шағын бизнесін дамытуға көмек беру, ауылға инвестор тарту секілді тағы да басқа жұмыстарда ұйымдастырамын. Елді мекендерде көше жарығы орнатылмаған көшелерді жарықтандыруға ықпал етемін.
Тұрғындарға өндірістік кооперативтерге бірігудің маңыздылығын түсіндіріп, кооперативке бірігу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, аймақтың әлеуметтік жағдайын арттыруды қолға аламын. Шаруа қожалық басшыларымен бірлесіп, егістік өнімдерінің жоғары сұранысқа ие майлы дақылдарын өсіру жұмыстарын жолға қоямын. Округтегі жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды, жазасын өтеп келген, істі болған азаматтарды, заң жүзінде отбасынан ажыраған азаматтарды, көпбалалы отбасыларын тұрақты жұмыспен қамтуды қолға аламын. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы ауылдық округтегі жұмыссыздықты төменгі деңгейге түсіремін.
Ақниет ауылдық округі әкімі лауазымына кандидат болып тіркелген
Наурызбаев Бауыржан Бахаевичтің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы
Өмірбаяны
Наурызбаев Бауыржан Бахаевич 1976 жылдың 18 ақпанында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Қайыңды ауылында дүниеге келген.
2007 жылы Жамбыл экономика және құқық колледжін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
2010 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993-1995 жылдары «Мақпал» қой совхозының жұмысшысы болып бастаған.
1998-2003 жылдары «Қызыл бұлақ» ЖШС-нің жұмысшысы, 2005-2014 жылдары Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының кіші қызметкері, 2014-2016 жылдары Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратының маманы, 2016 жылдан қазіргі күнге дейін Қайыңды ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып еңбек етеді.
Отбасы жағдайы: Үйленген.
Сайлауалды бағдарламасы
Мен, Наурызбаев Бауыржан Бахаевич Ақниет ауылдық округі әкімінің лауазымына өткен жағдайда, ауылдық округке қарасты елді мекендерде Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын насихаттауға, түсіндіруге бар күшімді, білімімді жұмсаймын. Қазақстан Республикасының Ата заңы және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің, облыс, аудан әкімдерінің қаулысын, ҚР Нормативтік-құқықтық заңдарының сақталуын және орындалуын қамтамасыз етемін.
Ауылды көріктендіру және абаттандыру, бизнесті дамыту, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге шағын бизнесін дамытуға көмек беру, ауылға инвестор тарту, тағы басқа да жұмыстарды ұйымдастырамын. Округтегі жұмысқа жарамды мүгедектерді, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды, жазасын өтеп келген азаматтарды, көпбалалы отбасыларын тұрақты жұмыспен қамтуды қолға аламын.
Ақниет ауылдық округі әкімі лауазымына кандидат болып тіркелген
Тұрабаев Нұрдос Әбіқұлұлының өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасы
Өмірбаяны
Тұрабаев Нұрдос Әбіқұлұлы 1969 жылдың 3 сәуірінде Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Юбилейное ауылында дүниеге келген.
1993 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсіп технологиялық институтын инженер-химик-технолог, 2005 жылы Алматы экономика және статистика академиясын экономист-қаржыгер, 2013 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін география пәні мұғалімі мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы «Бауырлар» жеке меншік кәсіпорнының автокөлік жүргізушісі болып бастаған.
1996-1997 жылдары Тараз қаласындағы «Торгово-финансовый двор» ЖШС-і директорының орынбасары, 1998-1999 жылдары «Луговой жөндеу-механикалық заводы» кислород цехының инженер-технологы, 2000 жылы Жамбыл ауданындағы «Антарес» ЖШС-нің инженері, 2001-2006 жылдары Новосель ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарды.
2006-2007 жылдары Астана қаласындағы «Республикалық біліктілігін растау және беру орталығының» ұйымдастыру құқықтық жұмыстары бөлімінің бастығы, 2008 жылы аудандық «Құлан таңы» газеті редакциясының бас есепшісі, 2008-2009 жылдары «Құлан Жолдары» ЖШС-нің бас есепшісі, 2009-2012 жылдары Подгорный шағын орталықты орта мектебінде мұғалім, 2012-2013 жылдары Подгорный шағын орталықты орта мектебінің география пәнінің мұғалімі, 2013-2019 жылдары Подгорный шағын орталықты орта мектебінің әлеуметтік педагогы болып еңбек етті.
2019 жылдың 15 қаңтарынан бастап Ақниет ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды.
Отбасы жағдайы: Үйленген, 5 баласы бар.
Сайлауалды бағдарламасы
Мен, Тұрабаев Нұрдос Әбіқұлұлы Ақниет ауылдық округі әкімінің лауазымына өткен жағдайда, осы кезеңге дейінгі алған білімімді және өмірден жинақтаған іс-тәжірибемді округ тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін және шаруашылық құрылымдарының экономикалық нығаюына жұмсаймын.
Ауылдық округтің әлеуметтік экономикалық және көкейтесті мәселелерін шешу мақсатында аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау, жұмыссыздық деңгейін азайту, тұрғындардың күнделікті тұрмыстық жағдайларын жақсарту, сәтсіз отбасыларының болмауын, ауыл шаруашылық құрылымдарының санын көбейту бағытында жұмыстар атқарамын.
Шағын және орта бизнестің дамуына, шаруа қожалықтарының толыққанды жұмыс істеуіне, оларға субсидия және несиеге қол жеткізу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Ауылдың қабілетті жастарына қолдау көрсете отырып, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасап, мәдени шараларды уақытылы, ұлттық салт-дәстүрге сай, жаңа технологиялық үрдісте өтілуін жүйелі жоспарға енгіземін.
Заман талабы өзгеріп, көшіміз түзелетін шақта округ әкімі болып сайлансам, осы жұмыстарды атқаруға және ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждарын қорғап, сіздердің үлкен сенімдеріңізге ие бола отырып, бар күш-жігерімді саламын.
Поделиться ссылкой: