Конституциялық сот: Әділетті қазақстанның айнасы

385 Views

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық Соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті.

Мемлекет басшысы Конституциялық Сот ел өмірінде айрықша рөл атқаратын орган екенін атап өтіп, бұған дейін 27 жыл бойы табысты жұмыс істеген Конституциялық Кеңес мүшелеріне және онда әр кезеңде еңбек еткен қызметкерлерге алғыс айтты.
– Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, бұрын-соңды болмаған бірегей саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда дүниежүзінде дәл осындай ауқымды, мазмұнды реформалар жасап жатқан ел бірен-саран. Бұл – ақиқат. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Қазақстан реформатор мемлекетке айналды. Жалпы, елімізде көптеген өзгеріс болып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға баса мән беріліп отыр. Бұл жұмысқа қоғам өкілдері белсене қатысуға ынталы. Сондықтан мен Конституциялық Сот құру туралы бастама көтердім. Азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда осы және басқа да ұсыныстарға қолдау білдірді, – деді Президент Мемлекет басшысы Конституциялық Сот барлық заңдар мен заңға сәйкес актілердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды.

– Шын мәнінде, Конституциялық Сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай кү­шейе­ді. Конституциялық Сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық Сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғам Консти­ту­циялық Соттың қызметінен оң өзге­рістер күтіп отырғанын, қазылардың өз міндетін адал атқаруы халықтың, БАҚ пен халықаралық құрылымдардың жіті назарында болатынын еске салды.
– Қазылардың осы құрамы мемле­кеттік маңызы зор міндеттерін табысты атқарып, қоғам мен азаматтардың үмі­тін ақтайды деп санаймын. Консти­ту­циялық Сот құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар мен түрлі салада көп жылдық тәжірибесі бар заңгерлер кірді. Нәтижесінде теория мен тәжірибе ұштасты. Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова ұзақ уақыт бойы әділет органында қызмет етті, адам құқығын қорғау мәселелерімен айналысты, сондай-ақ, халықаралық аренада мемлекет мүддесін қорғады. Оның бұл тәжірибесі жаңа салада зор пайдасын тигізеді. Конституциялық Сот қызметінің нормативтік базасы мен ережелерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Енді Конституциялық Соттың қызметі бары­сында қажеттігіне қарай бұл базаны жетілдіру керек болатын шығар. Жал­пы, жаңадан құрылған институт ел аумағында Ата заңның үстемдігін қамтамасыз етуі үшін барлық жағдай жасалды, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуын­ша, заң үстемдігі қағидатының мыз­ғы­мастығы еліміздегі саяси рефор­малардың өзегі саналады. Жүргізіліп жатқан реформалардың саны жағы­нан, ең бастысы, мазмұны мен сапа­сы тұрғысынан Қазақстан әлемде көш­бас­шы елдердің қатарына кіретіні сөзсіз.
– Шын мәнінде, тек былтыр атқарылған жұмыстар біздің қоғамдағы өзгерістердің ауқымы мен тереңдігі туралы оң әсер қалдырмауы мүмкін емес. Қазақстан мемлекет ретінде айтарлықтай жаңғырды. Бұл деректі әлемдік қоғамдастық ашық мойындады. Оған көптеген халықаралық байланыс пен ең жоғары деңгейдегі кездесулер дәлел. Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жаңа, Әділетті Қазақстанның басты қағидаты – әділдік екеніне назар аударып, қазылардың осы маңызды міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.
– Халқымыз қара қылды қақ жар­ған қазыларға ерекше құрметпен, сыйлас­тықпен қарайды, «тура биде туған жоқ» деп судьяларға зор үміт артады. Әрбір шешім Ата заңға сәйкес қабылдануға тиіс. Өйткені бұл, ең алдымен, еліміздің тағ­дырына ықпал ететін шешімдер болмақ, – деді Президент.
Өз кезегінде Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимова Мемлекет басшысына жаңа орган қызметінің негізгі бағыттары мен міндеттері туралы баяндады. Сондай-ақ Конституциялық Сот қоғам сұранысы және мемлекет қажеттілігін өтеу үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған министрлерді қабылдады

Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловты, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты және Әділет министрі Азамат Есқараевты қабылдады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктердің жауапкершілігіндегі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.
Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа геология және жер қойнауын пайдалану саласын реттеу, көлік-логистика әлеуеті мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру жұмыстарын тапсырды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменоваға су мәселесінің саясаты мен табиғи ресурстарды реттеу, көгалдандыру және азаматтарды экологиялық тұрғыда тәрбиелеу міндеттері жүктелді.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа туризмді, бұқаралық спортты және мәдениет саласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берілді.
Президент Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, мектептегі және мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді.
Әділет министрі Азамат Есқараевқа заңнаманы және нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктелді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтармен тығыз жұмыс істеп, олардың мәселелерін уақтылы шешу қажет екенін атап өтті.

Akorda.kz

Поделиться ссылкой: