Балалар бақытқа бөленген күн

324 Views

Барыс жылы да тарих қойнауына еніп барады. Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Өткен сәрсенбіде ауданымыздағы ордалы оқу ошағының бірегейі Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте 2-3 жылғы үзілістен кейін Жаңа жыл мерекесі салтанатты түрде аталып өтті.

Аталмыш мек­теп ұжымы мен аудан­дық білім бөлімі, сондай-ақ, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы бірлесіп ұйымдастырған мерекелік кешке аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы барып қатыс­ты. Мерекелік салтанатта Ернар Серікәліұлы құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде: «Ескі жыл есірке, Жаңа жыл жарылқа» дегендей, төрімізге енгелі отырған қоян жылы да өтіп бара жатқан барыс жылы секілді берекелі табыстарға толы болады деген сенімдемін. Бүгінгі Жаңа жылдық кешке қатысып отырған ұл-қыздарымыздың денсаулығы аман болсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға үлкен қамқорлық танытып, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жа­риялады. Осыған орай, ауданымызда балалар тақырыбына арналған көп­теген іс-шаралар ұйымдастырылды. Барлық бала бақытты болуға әбден лайық. Оқуда озат болыңыздар. Елімізде тек татулық пен бірлік орнап, мемлекетіміздің беделі арта берсін» деді. Бұдан кейін мерекелік кеш қы­зықты думанға ұласып, балалар бір сәтке болса да, ертегі кейіпкерлерімен қауышты. Қызықты кеш мұнымен тоқтаған жоқ. Ортаға Аяз ата Ақша қар енген сәтте балалардың қуанышы тіпті жайдарылана түсті. Бірі – өлең айтып, енді бірі – тақпақ оқыды. Мерекелік шара соңында Жаңа жылдық кешке қатысқан 100 жасөспірімдерге аудан әкімінің арнайы сыйлығы табыс етілді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: