Жаңа жылдық құттықтау

196 Views

Құрметті, аудан тұрғындары мен қонақтары!
Баршаңызды шаттық пен қуаныш әкелетін Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жаңа жыл – өткен жылға көз жүгіртіп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, жаңа жоспарлар, арман-ойлар айқындалатын, қуанышқа толы ғажайып мереке.
Әр жылды жаңа жобалармен, жемісті нәтижемен қорытындылайтын ауданымыз үшін 2022 жыл нәтижелі жетістіктерге, маңызды шараларға толы жыл болды. Аудан халқының ынтымақ-бірлігі, еселі еңбегі арқылы биік белестер мен мақсатты межелер еңсерілді.
Аудан халқының 98,5 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, 3 елді мекенге ауыз су жүйесі жүргізілді. 6,2 шақырымды құрайтын 30 көше жолдары жөндеуден өтіп, инженерлік-инфрақұрылым бағытында атқарылған жұмыстар нәтижелі болды.
Луговой елді мекенінде спорттық-сауықтыру кешені, Жақсылық және Жаңатұрмыс елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар сынды әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді.
Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Жалпақсаз елді мекенінде теміржол өткелі ашылып, «Достық үйі» пайдалануға берілді. Cонымен қатар, 3 спорттық-сауықтыру кешені, мәдениет үйі, білім ошағы бой көтеруде. Келер жылы бұл әлеуметтік нысандар да ел игілігіне берілетін болады.
Биыл мал және егін шаруашылықтарында да жемісті жұмыстар жүргізілді. Егін бітік шығып, қамбамыз астыққа толды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы жетістіктеріміз берекелі бірлігіміз бен бірлесе атқарған еңбектің нәтижесі деп білеміз. 2022 жылды нәтижелі аяқтап, ауданымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымызды білдіреміз!
Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенеміз.
Ардақты ағайын!
Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен, ақ ниетпен, ізгі тілекпен қарсы алуларыңызға тілектеспіз.
Жаңа жыл ынтымағы мен бірлігі жарасқан аудан халқы үшін сәтті жыл болып, әр шаңырақта береке-бірлік, шаттық пен қуаныш орнасын! Келер жыл жағымды жаңалыққа, қуанышты сәттерге толы болсын!
Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз табысты болып, Жаңа 2023 жыл бірлік пен татулықтың белгісі болсын! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры берік, туы биік болсын! Көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлаған Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты жерлестер!

Ізгі тілекпен,
Аудан әкімі Е.Есіркепов.
Аудандық мәслихат
хатшысы Е.ӘбутӘлІпов.

Поделиться ссылкой: