Жолы – жіңішке, жұдырығы – жуан Адина
Адина Қалдыбай көптеген байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген талантты боксшы арудың бірегейі. Қарақат ауылында дүниеге келген «жолы – жіңішке, жұдырығы – жуан» Адина Қалдыбай жасөспірімдер арасында жұдырықтасып жүрген кезінде де талай шыңдарды бағындырды.
Қазір де өзі қатысқан жарыстан жүлдемен оралып жүр. Біреулер бар, атаққа жаны құмар. Түкке тұрмайтын бір марапат алса болды, «төсқалтаға» салып, «Қайдасың редакция!» деп тұрады. Ондайлар көп, несіне жасырамыз. Ал, Адина секілді азаматшалар аз қазір. Әйтпесе, ол 2022 жылдың 11-18 желтоқсан күндері аралығында Қостанай қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 57 келі салмақта сәтті өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Міне, жетістік пе, жетістік.
Адина қандай еңбекқор спортшы деймін де. Өзі спортпен айналысады. Содан соң аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі «Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бокс бөлімінде оқытушы-жаттықтырушы болып еңбек етеді. Неғылған ерік-жігер десеңізші! Меніңше, атақты былай ысырып қойып, абырой үшін жұмыс жасап, марапатқа кенеліп жатқан Адина секілді жандар ғана газетке жазылуы керек. Шындық – осы. Біз Адинаны сол себепті де жазып отырмыз. Өйткені, ол бокстан әйелдер арасындағы ел чемпионатында үздік үштікке еніп отыр. Не үшін жазбасқа? Жазамыз, әрине. Мұндай жетістікті бағалаған абзал. Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев ел чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, ауданның абыройын асқақтатқан Адина Қалдыбайды айтулы жүлдесімен құттықтап, ризашылығын білдіріп, Жаңа жыл қарсаңында марапаттады.
Марат Диханбай.