Жастар мәселесі жан-жақты талқыланды

275 Views

Апта басында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Ернар Есіркеповтің төрағалығымен жиын өтті. Оған ауылдық округ әкімдері, кеңес мүшелері, жастар ісі жөніндегі инспекторлар және БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес отырысында аудан аумағында жастар саясатының жүзеге асырылу, жастардың жұмыспен қамтылуы жайында сөз қозғалды.
Күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Әбіләшім Мірқасымов оябы бөлек баяндама жасады. Мекеме басшысы «Әулиеата жастары» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы толық мағлұматтар берді.
Жиында аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров, ауылдық округ әкімдері Ерсайын Қуандық пен Айбек Әбішев те баяндама жасап, олар «Серпін – 2050» бағдарламасы, Жаңатұрмыс және Өрнек ауылдық округтеріндегі мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы туралы баяндама жасады. Әкімдер ауыл жастарының бүгінде бірлігі артып, қайырымдылық істерге белсене қатысып жатқандарын да сөз етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ернар Есіркепов жастарды белсенділікке шақырып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
– Жастар қай қоғамда болмасын белсенді болуы шарт. Өз ойларын бүкпесіз айтып, жеке емес, ел мүд­десі үшін қызмет еткені абзал. Бүгін­де мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан көмектер де аз емес. Соның бірі – «Дипломмен – ауыл­ға» жобасы. Қазіргі таңда дәл осын­дай жобалар жастарға қатысты мәсе­ле­лерді оң шешуге өз ықпалын тигі­зуде. Мәселен, биыл біз аталмыш бағдар­ламаға бөлінген қаражаттың бір бөлігін көрші аудандарға беруге мәжбүр болдық. Неге? Себебі, ауданда бағдарламаны тиімді пайдалануға ниет танытқан жастарды таппай қалдық. Сонымен қатар, биыл қайтарымсыз гранттың да басым бөлігі жастарға берілді, – деп аталмыш буын өкілдеріне арналған саябақ салуды, белсенді ор­таны қалыптастыратын ұйым құруды, спорттық іс-шаралар санын арттырып, жастар арасындағы қылмыс санын азайтуды тапсырды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: