Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Қазір «оқимын, алдыма қойған мақсатыма жетемін» дейтін жастарымызға мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Жас буынның шығармашылық потенциалын дамытып, оларға мотивация беретін дәл осындай игі жобалардың бірі – «Жомарт түлек» деп айтсақ болады. Мақаланы жазбай тұрып, осы тақырыпты зерделеу барысында мынадай мәлімет қолымызға түсті. «Жомарт түлек» жобасы бойынша өткен жылы көптеген игілікті істер атқарылған екен. Яғни, өткен жылы ауданда «Жомарт түлек» жобасы бойынша мектеп түлектерін тіркеу, кездесулер ұйымдастырылып, мектептер мен ауданымызды көркейтуге демеушілік көмек көрсету жұмыстары тұрақты түрде ауыл әкімдерімен бірлесіп ұйымдастырылыпты. Қазіргі таңда ауданымызда 26858 түлектер «Tylek.kz» сайтына тіркелген. «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп директорлары екі бағыт бойынша жұмыстар атқарып келеді. Айталық:
1-бағыт бойынша туған жеріне танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында мектеп оқушыларымен мотивациялық кездесулер жоспарланса, 2-бағыт бойынша жомарт түлектер туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін демеушілік көрсетіп, мектеп қабырғасына материалдық базасын жақсартуға өз үлестерін қосу болып табылады.
2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында мектеп түлектерінің табысты өмір жолын үлгі ету мақсатында 280 кездесулер өткізілген екен. Оның ішінде 45-і онлайн болса, 235-і офлайн кездесулер. Осы іс-шараға 6545-ке жуық мектеп оқушылары қамтылған көрінеді. Айталық, былтыр №4 шағын орталықты орта мектебінің түлегі, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қол күресінен 3 дүркін чемпион Рахымберді Ержігіт пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виталий Трубинмен кездесу ұйымдастырылды. Бұдан өзге Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің түлегі, елімізге танымал әнші Тахмина Әшімбекованың қатысуымен «Туған жерім – тарихым» атты тақырыпта кездесу өтті. №2 шағын орталықты орта мектебінің түлегі, еркін күрестен Қазақстан чемпионы Әлішер Ерғали да «Мамандығым – мақтанышым» атты тақырыпта 9-сынып оқушыларына туған жердің қасиеті жайында оябы бөлек сөздер айтты. Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің түлегі, ҚР Энергетика министрлігі сапамен қамтамасыз ету департаментінің директоры Өмірзақ Әлішер Қанатұлы 10-11 сынып оқушыларымен кездесіп, «Жарқын болашақ» деген тақырыпта ордалы ойымен бөлісті. Абай атындағы орта мектептің түлегі, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дана Дидай 9-11 сынып оқушыларымен «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында әңгімелессе, Жамбыл атындағы орта мектептің түлегі, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Хамит Есаманның қатысуымен осы мектептің 9 сынып оқушыларымен келелі кездесу өткен екен. Бұл жобаның бірінші бағыты бойынша атқарылған тірліктер.
Енді екінші бағыты төңірегінде сөз қозғайық. Өткен жылы танымал түлектер 26 миллион 500 мың теңгеге демеушілік көрсетіп, аудандағы мектептердің материалдық базасын жақсартуға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, 15 ауылдық округ бойынша «Жомарт түлек» жобасы аясында 2022 жылы 61 жоба бекітілген болатын. Сол 61 жобаның 57-сі қолға алынып, оған демеушілік есебінен 89 миллион 562 мың теңге жұмсалды. Бүгінгі күнге орындалмаған 4 жоба бар. Оның біріншісі – Өрнек ауылдық округінде «Қазақстанның Еңбек Ері Дөненбаев Сайранбай Әліқұлұлының атына арналған мұражай ашу» болатын. Қазір бұл жұмыстар бойынша құрылыс нысаны анықталып, жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Орындалмаған екінші жоба – Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Қазақ ауылындағы «М.Әуезов атындағы тірек мектептің акт залына Led экран p4 indor 3,15 кв,м» жобасы. Бұл жоба «2023 жылдың маусым айында аталмыш мектептің 20 жылдық түлектерінің демеушілігімен орындалады» деп жоспарланып отыр екен.
Үшінші жоба – Жаңатұрмыс ауылындағы «Жастар саябағы». Бұл жобаның да 2023 жылдың қараша айына дейін 40 жылдық түлектердің демеушілігімен орындалатындығы жоспарланса, «Ауыл округінен өтетін Жібек жолының тау жағынан «Жастар саябағы демалыс орны», яғни бұл төртінші жоба болып есептеледі, ол қаражаттың болмауына байланысты іске асырылмайтын көрінеді.
Сонымен қатар, 2022 жылы демеушілік есебінен ауылдарды көркейтуге жоспардан тыс 5 жоба іске асырылып, оған 116 миллион 500 мың теңге қаражат жұмсалды. Атап айтқанда, Жаңатұрмыс ауылында «Асарлатып үй салу» жобасына 2 миллион 500 мың теңге, Абай ауылдық округінде «Асарлатып үй салу» жобасына 5 миллион теңге, Өрнек ауылдық округінде кәсіпкер Балжан Қодасованың демеушілігімен «3 үйдің құрылысы және 1 үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына» 70 млн теңге, «Ауыл мешітінің құрылысына» 35 млн теңге, Құмарық ауылдық округінде «Аз қамтылған отбасына арналған үй құрылысына» 4 миллион теңге көмектер көрсетілді.
«Мейірім» шуағы
Баршаңызға белгілі, ауданда 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылуда. «Мейірім» жобасының тұжырымдамасы бойынша аудандағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар аудандағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшыларына бекітілген болатын.
Аудандағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 56 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 56 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген.Тізім бойынша «Отбасы банкінде» 56 баланың барлығына арнайы есеп шоттар ашылды.
Ауданда отбасылық тәрбиеде жүрген 23 балаға (қорғаншылық пен қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, қабылдаушы отбасындағы) әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында демеушілермен жұмыстар жүргізілді.
Бүгінгі күні «Мейірім» жобасы аясында 56 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 1 миллион 337 мың теңгеден астам қаражат аударды. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсайды.
Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының тұрақты ауысуына байланысты тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, оларға бекітілген демеушілер нақтыланып отырады.
Бүгінгі күні жаңадан анықталған және оларға бекітілген жауапты тұлғалардың басқа қызметтерге ауысуына байланысты 15 балаларға демеушілерді қайта бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
М.Жолдасбекұлы.