Шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

296 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында шетелдік автокөліктер­ді заңдастыру жайында сөз қозғаған болатын. Осыған қатысты Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алып, рәсімдеудің оңтайлы әдісін құрастыруды тапсырған еді. Енді міне, араға аздап уақыт салып, елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін келген көліктерді 23 қаңтардан бастап заңдастыруға болады. Айта кетейік, аталмыш бағыттағы жұмыстар шілде айына дейін жалғасады.
Қоғам арасында «Қандай автокөліктер заңдастыруға жатады?» деген сауал бар. Бұл сауалға жуырда ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері жауап беріп, заңдастыру үшін талап етілетін ережелерді таныстырды.
«Қазақстан азаматтары сырттан әкелген шетелдік есептегі жеңіл автокөліктер, шағын, орта сыйымдылықтағы автобустар, шағын жүк көліктер, басқаруы оң жақтағы автокөліктер Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек. Сондай-ақ, көліктер криминалдық есепте болмауы, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы тиіс. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет» делінген ресми хабарламада. Өтінім беру жолдары да тиімді әрі қолжетімді. Ол үшін көлік иелері е-gov.kz электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары, ХҚКО-ның «Өз-өзіне қызмет көрсету секторы» арқылы жүзеге асыра алады.
Автокөлікті заңдастыру үшін қандай құжаттар қажет? Ең бірінші заңдастыру бойынша өтінім берілуі керек. Одан соң өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлігі және көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат қажет.
Рәсімдеудің нәтижесі арнайы базаға тіркеле­ді және көлік иесінің телефонына 1414 нөмірінен SMS жіберіледі. Онда қабылданған шешім нақты жазылып, заңдастыруға рұқсат етілсе, мемле­кеттік алымдарды төлеу қажет болады. Өздеріңіз білетіндей, көлік иесі техпаспорт үшін 4313 теңге, мемлекеттік нөмірге 9660 теңге төлеуі тиіс. Ал алғашқы тіркеу үшін қалтаңыздан тағы да 200000 теңгеге жуық қаражат жұмсалатын болады.
Өтінімді онлайн нұсқада іске асырған көлік иесі шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжатты ХҚКО мамандарына тапсырғаннан кейін ҚР тіркеу құжаты мен мемлекеттік нөмір берілетін болады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: