Ауданда құс шаруашылығын дамыту жоспарлануда
Агро саланың ауқымды бөліктерінің бірі – құс шаруашылығы. Бүгінде аудандағы барлық құстар саны 124 773-ке жеткен. Бұл статистикадағы санды әрмен қарай ұлғайту мақсатында өңірде ауқымды жұмыстар жоспарланып, тиімді істер қолға алынуда. Соның бірі күні кеше аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиында кеңінен түсіндірілді.
Аудан әкімі Ернар Серікәліұлының төрағалығымен өткен жиынға аталмыш салаға қатысты бөлімдердің басшылары, шаруа қожалық иелері, кәсіпкерлер және «Алель Агро» акционерлік қоғамының коммерциялық директоры Дмитрий Медведев қатысты.
«Алель Агро» акционерлік қоғамы – Қазақстандағы ең ірі, алдыңғы қатарлы құс фабрикаларының бірі. Бүгінгі таңда кәсіпорын өз өнімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал» стандарт комитетінің бақылауымен шығарады. Тіпті кәсіпорынның өз жеке құрама жем зауыты да бар. Оның қуаттылығы сағатына 20 тоннаны құрайды. Алдағы уақытта компания өкілдері өз кәсіптерін кеңейтіп, өнімділікті арттыру мақсатында келісімшарттық негіздегі шаруашылықты дамытуды көздейді. Осы мақсатта ауданға арнайы келген «Алель Агро» акционерлік қоғамының коммерциялық директоры Дмитрий Медведев шаруаларға өз тарапынан ұтымды ұсыныстарын жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Кездесу барысында Дмитрий Медведев кәсіпкерлер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, нақты ақпараттарды ел назарына ұсынды.
– Бұл компания еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі. Әріптестік аясында жұмыс істеуді қалайтын өндірістің өкілі бүгін біздің ауданға арнайы келіп отыр. Бірнеше бос тұрған, өндірісі тоқтаған ғимараттармен таныстырдық. Мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген тиімдірек емес пе? Ендеше біз аталмыш кәсіпорынға барып-қайту сапарын ұйымдастырайық. «Барамын», «көремін», «құс өсірумен айналысамын» деген ниеттеріңіз болса, біздің жауапты бөлімдермен байланысыңыздар. Жақсылап танысып болып, өз таңдауларыңызды жасарсыздар. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешу – біздің басты мақсатымыз, – деген Ернар Серікәліұлы бұл баянды бастаманы аудан әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстардың бірі деп бағалады.
Жәнібек СҰЛТАН.