ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
57 ViewsОРАЗА ДЕГЕН НЕ? Ораза дегеніміз – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсілік қалаулардан тыйылу. Оразада ішіп-жеу және құмарлық сезімдерден сақтану – парыз. Оразаның уақыты –…
Биылғы жыл саяси науқанға толы болмақ. Ол жыл басынан бастап сезіле бастады. Нақтырақ айтар болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 19 қаңтарында арнайы Қаулыға қол қойып, жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы болатынын дүйім жұртқа жария етті. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызына тағайындалған.
Президент қабылдаған Қаулының ресми хабарламасында «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындықты және оны өткізуді ұйымдастырсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын» делінген болатын.
Осыған сәйкес бүгінгі таңда саяси науқанға дайындық барысы пысықталып, ел аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталып та кетті. Өткен жұмада ауданға арнайы сапармен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С. Айдапкелов келіп, ауқымды форматта семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингке аудандық сайлау комиссиясының төрағасы М.Тлепов бастаған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, округтік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, құқық қорғау саласы мен БАҚ өкілдері қатысты. Аталмыш жиында алдағы уақытта өтетін кезектен тыс сайлау науқанына дайындық барысы және сайлау заңнамасының жаңа енгізілімдері, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың ұсынылу мен тіркелу тәртібі, сайлау процессін ақпараттандыру және сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру және сайлауды байқау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеудің кейбір мәселелері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы жиында облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары С.Мәдиева, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері Т.Жамалов, М.Сембеков кеңінен сөз қозғап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соңынан баяндамашылар семинар-тренингке қатысушыларды толғандырған сауалдарға жауап беріп, маңызды ақпараттар мен өзгерістерді ел назарына ұсынды. Ал облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов болса, аталмыш науқанның маңыздылығы жоғары екенін атап өтті.
– Наурыз айының 19 жұлдызына тағайындалған саяси науқанның маңыздылығы өте жоғары. Себебі сайлаушылар бұл жолы бірнеше бағытта таңдау жасайды. Біз сол сайлаушылардың таңдау жасауына барлық жағдайды жасауымыз қажет. Сайлау учаскесінде санитарлық нормалар толығымен сақталып, қамкөңіл жандарға кедергісіз дауыс беру мүмкіндігі барлық талапқа сай жүзеге асуы тиіс. Осыған аса қатты көңіл бөліңіздер, – деген төраға барша жиынға қатысушыларды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Жәнібек СҰЛТАН.