Данаға артылған сенім зор

286 Views

Дана Дидайдың есім-сойы қазір мұқым елге белгілі. Ол жақында ғана бокстан Тайландтың Бангкок қаласында өткен 22 жасқа дейінгі бұрымдылар арасындағы Азия чемпионатында жүлделі үшінші орынға ие болды. Дана Дидай маңдайы жарқырап, осындай зор табыспен елге оралды. Жас спортшының табаны туған жерге де тиіп үлгерді. Рудың емес, қазақтың абыройын байрақты бәсекелерде асқақтатып жүрген дәл осындай спортшыларды біз қашанда құрметтеуіміз керек. Өйткені, олар – сондай ықыласқа лайық.

Ықылас дегеннен шығады, өткен сәрсенбіде Бангкоктағы бокс бәсекесінде 75 келі салмақ дәрежесін­де жұдырықтасып, қола жүлде еншіле­ген Дана Дидайды аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Аудан басшысы Дананың өзін ғана емес, жас спортшыға бокстың қыр-сырын алғаш үйреткен сақа жаттықтырушы, яғни Дананың спорттағы алғашқы бапкері Бақытбек Толымбетовті де қабылдап, зор алғысын білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде:
– «Қасиетті Құланды – таланттар ордасы» деп те атайды. Олай деуге толық негіз бар. Себебі Ермахан Ибраимов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов секілді мықты спортшылар осы елде дүниеге келген. Барлығы да жазғы Олимпиада ойындарында жүлде алды. Енді ағаларының ізін басып, тағы бір мықты спортшы өсіп келе жатыр екен. Ол – Дана қарындасымыз. Қазір әлеуметтік желіден барлығын көріп, біліп отыратын болдық қой. Мен де Дананың «Инстаграмдағы» парақшасын ұдайы көріп, тіпті, бір-бірімізге лүпіл де басып қоятын болдық. Данаға біз сенеміз. Бокстан тұңғыш әлем чемпионы елімізден шыққанымен, Олимп шыңын бағындырған боксшы ару әлі шыққан жоқ. Дана сол биікке жетеді деп ойлаймын. Осындай жас таланттың шеберлігін шыңдаған бапкер Бақытбек ағайға да мың алғыс айтамын. Біз сені мақтан тұтамыз. Лайым, сәттілік серігің болсын, – деді.
Кездесу соңында ілтипат көрсетіп, жетістікті елеп-ескерген аудан басшысы Ернар Есіркеповке жас спортшы алғысын білдірді.
Содан кейін аудан әкімдігі дене­шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеевтің жұмыс бөл­месінде мемлекеттік қызметте талай жыл жұмыс жасап, зейнетке шыққан Сауытбек Иманбаев Дана Дидайды айтулы жеңісімен құттықтап, сонау Алматыдан Алихан Заурбековтің де­меушілік есебінен берген 100 мың теңгелік қаржылай сыйақысын табыс етті.

Редакциядан: «Уәде – Құдай сөзі» дейтін еді ғой дана қазақ. Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде біз Дана Дидайдан сұхбат алуды жоспарлап отырғанымызды жазғанбыз. Сәрсенбіде соның сәті түсті. Редакцияға келді спортшы ару. Сөйтіп, Данадан сұхбат алдық. Келесі аптада жариялайтын боламыз. Ендеше, назарыңыз «Құлан таңында» болсын.

Поделиться ссылкой: