АУСЫЛ ‑ жұқпалы ауру

638 Views

Аусыл – жұқпалы және тез таралатын аша тұяқты жануарлардың аса қауіпті вирус ауруы. Әдетте ірі қарада, қойда жиі кездесетін, арнаулы О, А, С, САТ-1, САТ-2, САТ-3, Азия-1 типті вирус тудырып, жіті және өте жіті түрде өтетін жұқпалы індет.

Этиологиясы: Әдетте аусылмен барлық жұп тұяқты жануарлар ауырады. Солардың ішінде ірі қара, әсіресе, жас малдар тез шалдыққыш келеді.
Аусыл негізінен ауру малдан жұғады. Аурудың өту кезеңінде сыртқа сілекей, нәжісі немесе несебі арқылы шығып, вирустың өрбуіне себеп болады. Мал аурудан айыққан соң да вирусты бойында ұзақ уақыт сақтайды.
Аусылдың жұғу жолдары көп. Ол малдың несебі, нәжісі немесе аусылға шалдыққан малдың сілекейі тамған зат, болмаса суат, жем-шөп арқылы, кейде малды күтіп-бағатын адамдардың киімдерінде қалған вирустардан да жұға береді.
Аусыл көбінесе эпизоотия (белгілі бір мөлшерде) және панзоотия (жаппай түрде) өршиді. Аурудың бұл түрінің етек алып, кең тарап кетуі жергілікті факторларға, табиғи ортаға, ауа райына тікелей байланысты. Індет жылдың кез келген маусымында кездесе береді. Алайда, ол күзде басталып, қыстың алғашқы айларында күшейіп кетеді.
Ауру малды табыннан әдейі оңашаланған қораға бөліп алып, арнайы аусылға қарсы «иммунолактан» дәрмегімен немесе аусылмен ауырған малдың қанынан дайындалған арнайы гипер иммунды сарысумен (сыворотка) және «Нитокс 200» препаратпен емдейді. Ауру малға жұмсақ, құнарлы жем-шөп және таза су беріледі.
Ауру малдың аузын және желінің марганец қышқылды калийдің әлсіз ерітіндісімен шайып, йод, глицерин қоспасы бар препараттармен жағылады. Жара түскен аша тұяқ арасын тотияйынның бір проценттік ерітіндісімен жуып-шайып, содан соң стрептоцид майын жағады. Керек болған жағдайда ауру малға күре тамыр арқылы жүрек қызметін жақсартатын дәрі-дәрмек, глюкоза, кальций мен натрий хлориді ерітінділері құйылады. Ауруды болдырмау мақсатымен жарты жыл сайын малға вакцина егіліп отырылады.

К.ТҮргенбаев,
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты», ветеринария ғылымдарының докторы, профессор.
А.Тлепов, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Поделиться ссылкой: